Биыл жаңа теміржол желілері іске қосылады

Биыл елде жаңа теміржол желілері іске қосылады. Сонымен қатар вокзалдарды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Теміржол арқылы жүк тасымалы артты

Биыл алғашқы тоқсанда ел бойынша теміржол арқылы 65 млн тоннаға жуық жүк тасымалданды. Былтырғы сәл осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 360 мың тоннаға артқаны байқалып отыр. Тауардың үштен бірі экспортқа, қалғаны ішкі нарыққа бағытталған. Соның ішінде әлеуметтік маңызға ие жүктерге басымдық берілген. Қаңтар мен наурыз аралығында шойын жолдың бойымен 27 млн тонна көмір жеткізілді. Ал астық көлемі 4 млн тоннадан асты. Басым бөлігі шетелге шығарылған. Сонымен қатар өзге саладағы кейбір тауар түрлерінің үлесі де ұлғайды. Мәселен, қара металлдар 18 пайыз, марганец 14 пайыз, ал тыңайтқыштар 3 пайызға көбейген.

Құрлықтағы ірі сауда дәліздерінің тоғысқан тұсында орналасқан Қазақстан үшін теміржол - экономиканың күре тамыры. Биыл үш айдың ішінде қазақ жері арқылы Өзбекстаннан Қытайға 76 жүк пойызы жөнелтілген. Ал аспан асты елінен Транскаспий дәлізіне қарай үздіксіз тауар тасымалданып жатыр. Саланың инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін жаңа желілер салу және жаңғырту жобаларына басымдық берілген. Биыл «Мойынты-Қызылжар», «Дарбаза-Мақтаарал», «Алтынкөл-Жетіген» және «Бейнеу-Маңғыстау» бағытындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға тиіс. Ал "Аягөз-Бақты" жобасы келер жылдың еншісіне тиесілі. Көлік министрлігінің хабарлауынша, кейбір жобаларға халықаралық ұйымдардан қаражат тартылған.

Темірхан Мұсағалиев, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы:

- «Қазақстан темір жолы» АҚ жобаларды жүзеге асыру мақсатында халықаралық банктерден қарыз алады. Оған мемлекет кепілдік береді. Бұл жобаларды уақытында және сапалы аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл жобалар кілт тапсыру қағидатымен жүзеге асырылып отыр.

Теміржол вокзалдары жаңғыртылып жатыр

Сонымен қатар теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Ұлттық компанияның мәліметіне қарағанда, вокзалдардың 70 пайызы 30 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген. Ауқымды бағдарлама аясында былтыр 19 нысан жаңа кейіпке енді. Ал биыл алғашқы тоқсанда 17 ғимарат жаңғыртылған. Бүгінгі таңда тағы 46 вокзалда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалардың нәтижесінде жолаушылар үшін заманауи күту залдары, жаңа ақпараттық және инженерлік желілер қолжетімді болады. Салада инновациялық бастамаларға да мән беріле бастады. Соның ішінде экологиялық жағынан тиімді болатын гибридті маневрлік локомотивтер қолданысқа енеді.

Марат Шәкенов, «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Зиянды заттар шығындарын 20 пайызға дейін төмендетеді. Тиімділігін 15 пайызға арттыру. Келісімшарт негізінде Жетісу облысы локомотив құрастыру зауытын салу көзделіп отыр. Онда шарт бойынша жалпы 90 локомотив құрастыру көзделеді. 

Әйелдер вагоны бар пойыздар 12 бағытта қатынайды

Ал жолаушылар тасымалына тоқталсақ, былтыр қазақстандық пойыздар 12 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған. Солардың ішінде 12 теміржол бағыты бойынша әйелдерге арналған вагон қарастырылған. Өткен жылы сол вагондар арқылы 260 мыңнан астам қыз-келіншек сапарға шықса, биыл үш ай ішінде тағы  65 мың билет сатылған.