ТШО қазақстандық қамтуды 71 пайызға жеткізді

Теңізшевройл компаниясы қазақстандық қамтуды 71 пайызға дейін жеткізді.

Бұл туралы Атырауда 23-рет өткізіліп жатқан халықаралық мұнай және газ көрмесінде айтылды. Жиынға әлемнің 9 елінен 85 компания қатысып жатыр. Биылғы көрменің ерекшелігі – кәсіпорындардың шамамен 40 пайызы өз өнімдерін алғаш рет ұсынып отыр. 

Көрмеде мұнай-газ және құрылыс саласына қажетті қондырғылардан бастап, заманауи цифрлық технологияларға дейін таныстырылды. Шетелдік компаниялармен қатар отандық өндірушілер де өнімдерін ұсынған. 

Талап Захарьянов, «Newtech Systems Group» компаниясы директорының орынбасары:

- Біздің компаниямыз Newtech Systems Group ТШО-мен 7 жылдан астам жұмыс жасап келе жатыр. Осындай шараларға қатысу бізге үлкен мүмкіншілік. Жаңа тұтынушыларды табу және де өзімізге жарнама жасауға жақсы.

Алдамжар Ғұмаров, Layher компаниясының өңірлік сату менеджері:

- ТШО-ға қызмет ететін компаниялар біздің өнімімізді пайдаланады. Бізде тек қана сату, жалға беру емес, сонымен қатар өзіміздің оқыту бөліміміз бар.

Шара аясында Каспий аймағын негізгі индустриялық хаб ретінде дамыту мәселесі айтылды. Сонымен бірге отандық өндірушілерді қолдап, қазақстандық қамту деңгейін көтеру жолдары талқыланды. Мысалы, «Теңізшевройл» компаниясы былтыр қазақстандық қамту көрсеткішін 71 пайызға дейін жеткізді.

Стивен Коннер, «Теңізшевройл» ЖШС өндіріс жөніндегі бас менеджері:

- 2025 жылы «Теңізшевройл» қазақстандық жеткізушілерден шамамен 1,8 млрд долларға тауарлар мен қызметтерді сатып алды. Бұл қаражат Қазақстанда өндірілген және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін өнімдер мен қызметтерге бағытталды. Ал 1993 жылы құрылғаннан бері Теңізшевройл отандық жеткізушілерден сатып алу көлемі 52,3 млрд АҚШ долларына жетті.

Қатысушылар көрменің соңғы күні өндірістік нысандарды аралайды. «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» аумағындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысады. Мамандардың айтуынша, бұның бәрі тәжірибе алмасуға және өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға жол ашады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов