Елде сутегі жобалары дамып жатыр
Елде сутегі энергетикасын дамытудың жаңартылған тұжырымдамасы қабылданды. Онда 2040-ыншы жылға дейінгі меже айқындалған.
Қазақстан жасыл сутегі технологияларын енгізуге де басымдық беріп жатыр. Елде сутегін өндіруден бастап, қолдануға дейінгі кезеңдерді қамтитын үш ірі жоба жүзеге асып жатыр. Жалпы құны - 5,4 млрд теңге. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Астанадағы іргелі оқу ордасында «жасыл» сутегін өндіру, сақтау, тасымалдау және энергияға айналдыру бағыттары іске асады. Ал Ақтауда Каспий өңірінің теңіз инфрақұрылымында баламалы отын түрлерін, оның ішінде сутегін енгізу жолға қойылды. Үшінші жоба сарқынды суларды тазарту мен сутегі генерациясын қатар жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тың технологияларды дамытуға бағытталған. Бұл - экологиялық және энергетикалық тұрғыда тиімді бастама. Жобалардың жүзеге асуына шетелдік мамандар да атсалысып жатыр.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Батыс Қазақстанда Есенов университетінде бірнеше неміс университеттері үлкен консорсиум жасады. Неміс компаниясы үлкен жасыл сутек жобасын бастама жоспарын жариялады осыдан үш жыл бұрын. Біз бірден сутек технологиясы, сутек химиясы, сутек логистикасы бағыттарын аштық. Тұңғыш түлектеріміз осы келесі жылы шығады. Мұның бәрі Германияның мықты университеттерімен жүзеге асырылуда.
Жаңартылған тұжырымдама қабылданды
Иә, заманауи өнеркәсіп пен энергетиканы сутегісіз елестету мүмкін емес. Ол мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі, тыңайтқыш өндірісі салаларында кеңінен қолданылады. Осыдан екі жыл бұрын сутегі энергетикасын дамытудың арнайы тұжырымдамасы қабылданған еді. Құжат 2040 жылға дейінгі жоспарды орындауға ықпал етеді. Онда көміртегін азайтып, ЖЭК, сутегін дамыту, осы бағыттағы ғылыми технологиялық зерттеулер жүргізу барысы айқындалған.
Жаһандық болжамға сүйенсек, 2030 жылға қарай әлемдегі сутегін өндіру көлемі 226,37 млрд доллардан асады. Бұл қазіргі қарқыннан 7 жарым пайызға көп. Мамандар металлургия, химия және алыс логистиканы таза энергияға көшіру оңай емес дейді. Сол себепті сутегін тиімді пайдалану қажет. Әсіресе қажетті отынды өзімізде өндіру маңызды. Осы ретте сарапшылар «Қазақстанның әлеуеті зор» дейді. Бізде ЖЭК енгізу қарқынды дамып жатыр. Бұл жасыл сутегі индустриясында маңызды фактор саналады.
Балтуған Тажмакина, ҚР ЭМ Жаңартылатын энергия көздері департаменті басшысының орынбасары:
- Жасыл сутегі жаңартылатын энергия көздерімен тікелей байланысты. Біздің ел бұл тұрғыда жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатыр. 2018 жылдан бері аукцион саудасы ұйымдастырылып келеді. Қазір жалпы энергиямен қамту үдерісінде жаңартылатын энергияның үлесі 7 пайыз болды.
Сарапшы: Сутегі жобалары үшін қор құру қажет
Қазақстандағы сутегі жобаларын жүзеге асыру үшін мамандандырылған қор қажет. Бұл экономика сарапшысы Ален Серіктің ұсынысы. Ол мұндай пайымға Жапония тәжірибесін зерделей жүріп келген. Мұндағы қор өнеркәсіп пен капитал арасындағы көпір іспетті. Алайда ақша барлығына бірдей беріле бермейді. Қатаң іріктеуден өткен, коммерциялық іске қосуға болатын жобалар ғана таңдалады. Яғни сұраныс қандай, сатып алушы бар ма, логистика мәселесі шешілген бе? Саяси қолдау, осының бәрі ескеріледі. Біздің елде қаржыландыру көбіне сұранысқа дейін беріледі.
Сарапшы бөлінген қаражаттың өнімді зерттеуге, нарықты талдауға кететінін айтады. Ал үлкен масштабқа жетпей қалады. Осы орайда инвестиция тартылатын қор бұл логиканы өзгертуі керек. Өйткені алдымен нарық сараланады, сосын ақша бөлінеді. Мамандар бұл бастаманың кей жобалар үшін ыңғайсыз көрінгенімен, жүйе үшін пайдалы екенін айтады.
Сарапшы: Сутегі жобалары үшін қор құру қажет
Сарапшылар: «Бізде ғана емес, әлемде сутегіге көзқарас өзгерген» дейді. Өйткені ол болашақтың жоспары емес, күн тәртібіне енген мәселе. Яғни жобаны жүзеге асыратын кез келді. Ол үшін ақша керек. Мамандар шығын шаш етектен екенін түсінген. Өйткені логистика алыс. Тұрақты сұраныс жоқ. Баға түсініксіз. Сол себепті инвесторлар да құлшына бермейді. Әзірге бұл міндетті көп мемлекет өз мойнына алып отыр. Ал нарық үшін инвесторларды қызықтыру маңызды.