Уақытша сақтау қоймаларына сұраныс көп
Елде тауарды уақытша сақтап қана қоймай, сұрыптап жеткізу қызметін қатар көрсететін қоймаларға сұраныс артты. Алайда ұсыныс бәсең. Өйткені заманауи талапқа сай қоймаларды салу қымбатқа шығады.
Инвесторларды тарту да оңай болмай тұр. Мамандар: «Өңірлердегі сақтау орындары толмай қалса, ірі қалаларда тауарды сұрыптап үлгермеу қаупі бар», - дейді. Енді қайтпек керек?
Инфрақұрылым, көліктердің қолжетімділігі, инженерлік мүмкіндіктер және цифрлық интеграция. Нарықта сұранысқа ие сақтау қоймаларының сипаты осындай. Яғни А және В+ санатындағы нысандарға қызығушылық басым. Алайда ұсыныс Алматы мен Астанада ғана бар. Әсіресе өңірлерде бұл мәселе өзекті. Логистикалық компаниялар: «Азық-түлік және фармацевтикалық өнімдерді сақтауға арналған қоймалар санын арттыру қажет», - дейді. Ал бұған қыруар қаржы керек. Инвесторлардың да қолдауы сезілмейді.
Нияз Дайырбаев, Кәсіби жылжымайтын мүлік нарығы бойынша сарапшы:
- Қоймалар экономикалық жағынан өте тиімді. Бірақ 2-3 жыл бұрын инвестор сол қоймаға ақшасын салып, 6-7 жылдан кейін ол ақшасын қайта алуға мүмкіндігі болған, бүгінгі күнде сондай мерзім жоқ деп айта аламыз. Бірақ ол қойма нарығының спецификасына ғана емес, жалпы экономикалық жағдай да соған байланысты деп ойлаймыз.
Заманауи қоймалар іске қосылып жатыр
Әйтсе де, елде транзиттік экономика дамып келеді. Демек сапалы сақтау орындарына сұраныс арта береді. Мегаполистерде тауар сақтайтын орындардың құрылысы тоқтамаған. Заманауи ғимараттардың жалдау ақысы да өсе қоймады. Соған қарамастан кәсіпкерлерге қолжетімсіз сияқты. Кәсіби жылжымайтын мүлік нарығы бойынша сарапшылар Алматыдағы уақытша сақтау орындарының 7, Астанада 10 пайызы бос тұрғанын айтады. Десе де бұл қоймалар жүкті сақтап қана қоймай, логистикасына және таңбалануына жауап береді. Қазіргі тренд осындай.
Нияз Дайырбаев, Кәсіби жылжымайтын мүлік нарығы бойынша сарапшы:
- Қазақстанда жалға алудың екі түрлі моделі бар. Заманауи жаңа қоймалар бұрынғыдай шаршы метр үшін жалдай алмайды. Ол арнайы сервис. Яғни жүктің стеллажына байланысты, 1 палеттаның бағасы, мысалы, бір күнде 180-200 тг шамасында болады. Ал ескі модельдерде 1 шаршы метрі үшін айына 4000 немесе 5000 тг жалақы төлеп отырасыз.
Фулфилмент орталықтарын көбейту керек
Сарапшылар бұл сала үлкен трансформация алдында тұрғанына сенімді. Алдағы екі жылда А санатындағы қоймалардың үлесі артуы керек. Бұған трансшекаралық логистикалық хабтардың дамуы ықпал етеді. Электронды сауданың қарқын алуы да уақытша сақтау қоймаларына тапшылықты арттырып тұр. Сол себепті фулфилмент орталықтарын көбейту маңызды.
Оксана Сорокина, логистикалық компания директоры:
- Сақтау ғана емес, тауарды алушыға жеткізу қызметін қатар ұсынатын компаниялар да бар. Үлкен көлемдегі жүкті өзіне алып, оны сұрыптап, алушыға жеткізіп отырғандар да кездеседі. Бұл - фулфилмант компаниялар. Бірақ олар өте аз. Қазір Алматы мен Астанада дамып келеді, ал өңірлерде мүлде жоқ. Бізде шағын қалаларға баратын жүк пошта арқылы ғана жеткізіліп отыр. Бұл дұрыс емес. Логистиканы арзандату үшін жеткізушілерді көбейту керек, тым болмаса В+ санаттағы қоймалар санын арттыру маңызды.
Маркетплейстер қазынаға үлес қосып келеді
2030 жылға қарай бөлшек сауданың 20 пайызын онлайн нарық қамтиды. Қазір оның үлесі 14 пайыздан асады. Соның 85 пайызы маркетплейстерге тиесілі. Мамандар осындай мүмкіндік туғалы ай сайынғы орташа сауда 4,7 есе өскенін айтады. Төленген салық үлесі 5,8 есе өскен. Тіркелген 120-дан аса шетелдік компания бүгінге дейін қазынаға 146 млрд теңге алым құйды.