Арнаулы салық төлейтін таксист көбейді
Арнаулы салық режимі өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санын көбейтті. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері де артты. Саладағы ашықтықтың нәтижесі бұл.
Осы орайда банктер де мобильді аударымға қатысты мәліметтерді салық органдарына жолдай бастады.
Арнаулы салық режиміне қосылған таксист пен курьер көбейді. Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов осылай дейді. Биыл өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмеді. Керісінше жеңілдетілген салық режимі ұсынылды. Бұл белгілі бір қызметтерге ғана қатысты.
Солардың ішінде такси, курьер, пәтер жалға беру, үй тазалау, аяқ киім жөндеу сияқты кәсіп түрлері бар. Жаңа салық режимін пайдаланушылар жалдамалы жұмысшы алмау керек. Ал әр айдағы табысы 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспауға тиіс. Табыс салығынан босатылады. Тек бірыңғай әлеуметтік төлемдер аударып отырса, жеткілікті. Бұл тұста кейбір кәсіпорын иелері қызметкерлерін өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркеп қойып, іс жүзінде бұрынғы жұмысын жалғастыруына жағдай жасауы мүмкін екені желіде желдей есті. Алайда Қаржы вице-министрі салада мұндайға жол берілмейтінін алға тартып отыр.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Біз статистиканы әрбір оператор арқылы көре аламыз. Қазіргі таңда такси, курьер мамандықтары бойынша саны ұлғайғанын көріп отырмыз. Екіншіден, бұлар бұрын ИП болып тіркелмеген және басқа мекемеде жұмысшы ретінде болмаған.Бір мекемеде жұмысшы ретінде өзінің қарым-қатынасын жасап жүріп, ол өзін-өзі жұмыспен қамту режиміне ауысуға бізде мониторинг жүргізу арқылы жол бермейміз.
Мобильді аударымдарды тексеру тәртібі
Жылдың алғашқы тоқсаны артта қалды. Енді қазақстандықтардың осы аралықтағы мобильді аударымдары тексеріледі. Банктер күмәнді операциялар туралы мәліметтерді салық органдарына жолдады. Қаржы министрлігі тексеру тәртібі қалай жүргізілетінін қайта еске салды. Мамандардың айтуынша, егер азаматтың есепшотына ай сайын кемінде 100 түрлі адамнан қаражат келіп түссе және жалпы сомасы ең төменгі жалақыдан 12 есе көп болса, яғни, 1 млн теңгеден асса, салықшылардың назарына ілігеді. Бірақ бұл бірден айыппұл салынады немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді талап етеді деген сөз емес. Өйткені кейбір қаржылық операциялар кәсіпкерлікпен байланысты болмауы мүмкін. Мысалы, сыйлық, көмек немесе күнделікті қажеттілік ретінде жасалған аударымдар үшін алаңдауға негіз жоқ.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Мысалы, қаңтарда, ақпанда 100 түрлі адамнан алып, наурызда болмаса, қайта мамыр-маусым айларында болса, олар біздің бақылауға кірмейді. Осындай айырмашылық бола тұра, оларды міндетті түрде тексеру деген бізде мақсат жоқ. Біз деректі алғаннан кейін міндетті түрде камералды бақылау нұсқамасын жібереміз. Сол нұсқама бойынша жеке тұлға болса, түсіндірме бере алады. Егер ол жеке кәсіпкер болса, қосымша нұсқама бере алады.
146 жаңа әлеуметтік кәсіпкер тіркелді
Енді әлеуметтік кәсіпкерлікке тоқталайық. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда, елде мұндай кәсіпорындар саны 1577-ге жетті. Яғни биыл алғашқы тоқсанда 146 жаңа бизнес субъектісі қосылып отыр. Бұл тізімге мүгедектігі бар адамдар құрған кәсіпорындар, сондай-ақ әлеуметтік осал топ өкілдеріне жұмыс орнын ұсынған ұйымдар кіреді. Кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Соның ішінде несиеге кепілдік беру, пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау және грант беру тетіктері қарастырылған.
ЖІӨ-нің 40%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі
Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,5 пайызға жетті. Бүгінгі таңда отандық бизнес саласында 2,3 млннан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Онда 4 жарым млнға жуық адам жұмыспен қамтылған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 3 жарым пайызға көп.