«Экоқолдау» жүйесіне 139 өтінім түсті
Елде экономикаға салынған инвестиция көлемі 3,46 трлн теңге. Бұл алғашқы тоқсандағы нәтиже. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, шикізаттық емес секторға қолдау артты.
Астанада өтетін өңірлік экология саммитінде де бірқатар тың жобаға куә боламыз. Қазір бизнес қалдықты өңдеуге бет бұра бастаған.
Биыл «Экоқолдау жүйесі» арқылы сұрыптау және қайта өңдеу кешендеріне 990 млн теңге беріледі. Қаржылық қолдауды алуға 139 компаниядан өтінім түскен. Оның 90-ға жуығы қалдықты жинауға, 31-і қайта өңдеуге, 19-ы толық циклды атқаруға дайын. Мақұлдауға тұрарлық 85 компания айқындалды. 2024 жылдан бері жобаларға 1,8 млрд теңге жұмсалған. «Экоқолдау жүйесінің» игілігін көргендер көп. Соның бірі – Шымкент пен Қостанай қалаларындағы шина қалдығын өңдеу зауыттары. Бұл кәсіпорындар жылдық өндіріс көлемін 4000 тоннадан 22 мың тоннаға жеткізді. Қазір Атырауда тамақ қалдықтарын өңдеу іске қосылып жатыр. Бұл да бұрын-соңды болмаған жоба. Есесіне қағаз өңдеу қарқынды. Жыл сайын 61 мың тоннадан астамы қайта өңделеді. Енді тек пластик нарығы кенжелеп тұр.
Серікбол Қалиақбаров, «Жасыл даму» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры:
- Пластик 0,9 ғана жиналады қазіргі таңда. Динамикасы жылдан-жылға артып келеді. Ең көп қаржыландырылған жобалардың ішінде қағаз өңдеу жобалары. 5 жобадан артық жоба 27-ші жылдың ортасына дейін іске қосылады деп отырмыз.
Қалдықтарды өңдеу жобасы көбейді
Расында, қазір қалдықтарды қайта өңдеуге көңіл бөліне бастады. Бұл өте маңызды. Ұлттық статистикаға сүйенсек, жыл сайын 5 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Құзырлы министрлік 2040 жылға қарай көрсеткішті 40%-ға дейін төмендетуге мүдделі. Мақсатты орындауға «Жасыл даму» ұйымы да ықпал етіп келеді. Олар Астанада өтетін өңірлік экология саммитінде бірнеше жаңа кәсіпорынды таныстырмақ. Бұл тізімде Орталық Азияда теңдесі жоқ тұңғыш тетрапакет қаптамасын өңдейтін зауыт бар. Мұны Инвестициялық жобалар департаментінің директоры Серікбол Қалиақбаров айтты. Нысан Қостанайда іске қосылады.
Серікбол Қалиақбаров, «Жасыл даму» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры:
- Бұл бұрын болмаған тетрапакет қаптамасын өңдейтін үлкен жоба. Соны бірінші рет көрсетейін деп отырмыз. Одан басқа қауіпті қалдықтарды өңдейтін компания бар. Атырау қаласында пластик қалдықтарын өңдеп, талшықты өнім шығаратын зауытты биыл іске қосамыз. Сол өңірлік саммитте біз көрсетеміз.
Қалдықтарды басқаруға мән беріледі
Елде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қалдықтарды басқару жүйесін реформалау қолға алынды. Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы бекітті. Құжатты ел және шетелден келген 120 сарапшы дайындаған. Оны үйлестіру үшін ұлттық қалдықты өңдеу орталығы құрылмақ. Осы саланың ашықтығын қамту мақсатында цифрландыру және бақылауды күшейтуге басымдық беріледі. Заң да қатаңдайды. Мамандар бұл реформа нәтижесінде қалдықты басқару жүйеленетінін айтады. Ең бастысы, қайта өңдеу деңгейі артып, экологиялық тәуекел азаяды. «Жасыл даму» жетекшілері: «Қалдықты жоюға арналған материал ғана емес, айналымға түсетін экономикалық ресурсқа айналдыру керек», - дейді. Бұл үшін инфрақұрылым тапшылығын төмендету маңызды. Өйткені кей өңірлерде полигондар мен қайта өңдеу кәсіпорындары аз.
Инвесторлар қайта өңдеу саласын қолдайды
Жалпы инвесторлар елде қайта өңдеу саласын қолдап жатыр. Қаңтар-наурыз аралығында осы секторға 2,31 трлн теңге салынды. Нақты көлем индексі 128 пайыз.