Ипотека нарығында мемлекеттің үлесі басым
«Жасыл ипотека» жаздың аяғына қарай іске қосылады.
Бұл бағдарламаға 45 млрд теңге бөлінетіні белгілі. Қазір Азия даму банкімен келісім жүріп жатыр. Жалпы ипотека нарығын біраз өзгеріс күтіп тұр. Ал тұтынушы нені ескеру керек?
Ипотека нарығында мемлекеттің үлесі басым
Ипотекалық несиелеуде коммерциялық банктердің үлесі 26%-ға дейін қысқарған. Qazaq Expert Club сарапшысы Диляра Сейітнұрова бұл нарықтың 74 пайызын мемлекеттік бағдарламалар қамтып отырғанын айтады. Әзірге екінші деңгейлі банктердің белсенділігі төмен. Мамандар базалық мөлшерлеме 18, ал жылдың тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20% деңгейінде шектелген жағдайда, нарықтық ипотека беру тиімсіз екенін айтады.
ЦИТАТА: Диляра Сейітнұрова, Qazaq Expert Club сарапшысы
- Базалық мөлшерлемені қазіргі 18%-дан 12–13%-ға дейін төмендету жағдайды айтарлықтай жақсартар еді. Сонымен қатар, ЖТСМ бойынша қатаң шекті қайта қарау да нарыққа серпін береді, себебі қазіргі талаптар коммерциялық банктерді нарықтан ығыстырып отыр.
Дегенмен, коммерциялық ипотека үлесі артады. Тиісті пәрменді Үкімет басшысы Олжас Бектенов берді. Осылайша мемлекетке түскен жүктемені азайту көзделеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова екінші деңгейлі банктермен жұмыс басталғанын мәлімдеді. Қазірдің өзінде қаржы ұйымдарының бірі тұрғын үй депозитін ұсынуға дайын екенін жеткізген. Салымшыларға қажет сома жиналған соң, баспананы төменгі мөлшерлемемен алу мүмкіндігі туады. Ал кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі қайта қаралып жатыр. Өзгерістер 1 шілдеде күшіне енеді. Әйткенмен, қаржы нарығының қатысушылары бұл норманың ипотекалық несиелердің қолжетімділігіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтады.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Ипотекалық қарыздар бойынша біз жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін бастапқы жарна көлемімен байланыстыруды жоспарлап отырмыз. Яғни бастапқы жарна 30% және одан жоғары болған жағдайда, ЖТСМ деңгейін 20% мөлшерінде белгілеу қарастырылып отыр. Ал бастапқы жарна 30%-дан төмен болған жағдайда, несиелер бойынша мөлшерлеме жоғары болады.
Ипотека алмас бұрын нені ескеру керек?
Ипотека жөніндегі сарапшы Гүлжан Нұрланқызы қарыз алмас бұрын дайындалу керек дейді. Ең алдымен, табыс көзін растау маңызды. Кей азаматтардың ақша айналымы жақсы болғанымен зейнетақы жинағы ақсап жатады. Енді бірі алғашқы жарнаны жинап қойса да, несие тарихы дұрыс болмайды. Мұның бәрі қарыз алушының мүмкіндігін азайтады дейді сарапшы. Десе де, екінші деңгейлі банктер мен құрылыс компанияларының ипотека нарығына қосылуы бәсекені арттырады. Сарапшылар дәл қазіргі қарқында сатып алу-сату көрсеткіші өспейтінін айтады. Өйткені, салықтық өзгерістер, ипотека нарығындағы ахуал, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шекті мөлшерлеме және құрылыс секторындағы жағдай сұранысқа әсер ететіні анық.
Шілде-тамыз айларында "Жасыл ипотека" бағдарламасы іске қосылады. "Отбасы банк" төрағасы Ләззат Ибрагимова Азия даму банкімен келісім жасалғанын мәлімдеді. Оның аясында 90 млрд теңге қарыз алынады. Бұл қаражат "Ұмай" және "Жасыл ипотека"-ны қаржыландыруға жұмсалады. Қазір елдегі тұрғын үйлердің 80 пайызы энергияны көп қажет етеді. Азаматтар жылу мен жарық үшін қыруар қаржы төлеп отыр. Ал "Жасыл үйлерде" бұл шығын айтарлықтай төмен. Әзірге тиісті стандартқа сай нысандар көп емес. Сондықтан бұл үйлерге сұраныс жоғары болады дейді мамандар.