Елде бастапқы жарнасы 10% болатын ипотека әзірленеді

Елде ипотеканың бастапқы жарнасын 10 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Отбасы банкпен» бірлесіп, жаңа тұрғын үй несиесінің қаржылық тетіктерін әзірлеуде. Жаңа ипотека бойынша қарыз алушыларға қойылатын талаптар мен өтінім қабылдау мерзімі белгісіз. Бұл шарттар қаржылық модель толық әзірленгеннен кейін жарияланбақ. Бағдарламаға қатысты нақты ұсыныстар 2027 жылы таныстырылады, деп хабарлайды 24KZ.

Олжас Сапарбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

– Қазір тұрғындарға қолжетімді қаржылық мүмкіндіктер ұсыну жолдарын қарастырып жатырмыз. Кейбір бағдарламаларға сұраныстың күрт өсуі халықтың мұндай қолдау тетіктеріне мұқтаж екенін дәлелдеді. Сондықтан ең алдымен қазақстандықтар үшін осы қаржы құралдарының қаншалықты маңызды екенін ескеру қажет.

Еске сала кетейік, 3 қарашада «Отбасы банк» әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастаған. Бір күнде жалпы сомасы 20 миллиард теңгеге жететін 850 өтінім түсіп, бөлінген қаражат лимиті таусылған. Осыған байланысты банк өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна ірі қалаларда 20 пайыз, ал өңірлерде кемінде 15 пайыз болады. Бұған дейінгі қаржыландыру кезеңінде де бөлінген қаражат небәрі жеті сағат ішінде игерілген.

Сондай-ақ оқыңыз: