Инвесторларға жеңілдетілген виза талаптары енгізілді

Елде 10 сәуірден бастап шетел азаматтарын тұрақты тұруға қабылдауды реттейтін қосымша шаралар енгізілді.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, жаңа тетік инвесторлар мен сұраныстағы мамандарды көптеп тартуды көздейді. Инвесторларға бұрынғыдай арнайы визалар, яғни инвестициялық жобалардың басшылары мен қатысушыларына, олардың отбасы мүшелеріне А5 және А6 санатындағы визалар беріледі. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандық иелеріне де арнайы визалар қарастырылған. Бұлардың қатарында нейрохирург, гематолог, фармацевтика өнеркәсібінің инженер-технологы, бактериолог, графикалық анимация технигі мен басқа да мамандықтар бар. Бүгінде тізімге 51 мамандық енген. Бірақ экономиканың сұранысына қарай тізім жаңартылып отырады.

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:

- Қазір көші-қон саясаты тұжырымдамасын 2030 жылға дейін іске асыру аясында аталған тізімді жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл тәсіл еліміздің экономикасындағы өзгерістерге дер кезінде жауап беруге және нақты қажет мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Қазақстан жоғары білікті мамандарға жаңа виза форматтарын енгізіп жатыр. Бұл қадам елімізге танымал таланттарды, озық білім мен заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде инвестиция көлемі артып, жаңа технологиялар дамып, экономикадағы кадр тапшылығын азайтуға жол ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек шетел азаматтары салалық өкілетті мемлекеттік органдардың негізделген өтініш хаты арқылы да Қазақстанға жеңілдетілген тәртіппен кіре алады.