БҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасына ₸8 млрд теңге бөлінеді
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биыл 600 батыс қазақстандыққа 8 млрд теңге жеңілдетілген несие беріледі.
Осылайша өңірде мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қаралған қаржы негізінен ауыл шаруашылығына және қызмет көрсету саласына жұмсалады.
Пугачев ауылының тұрғыны Шынар Жәкенова былтыр 7 жарым млн теңге несие алып, үйінен шаштараз ашты. Оған дейін арнайы курста осы кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Қазір ауылдастарының көңілінен шығып, алғысын алып жүр.
Шынар Жәкенова, шаштараз:
- Осы арманымның орындалуына бірден бір енді себепкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Қазір жастарға беріліп жатыр 2,5% өз кәсібіңді бастауға. Сондай мүмкіндік болғандықтан мен өзім осылай қорықпай бастадым. Жалпы өзім ең бірінші ақша қаражат керек болғанда, мен өзім барлық бизнес-жоспарымды жасадым, көрсеттім осы жерімді. Осы жерден салғым келеді, осы жерден ашқым келеді, осындай-осындай құрал-жабдықтар керек болады деп.
Ал Қызылтал ауылының тұрғыны Болат Бисенов көлік жөндеумен көптен айналысады. Бұрын біреудің шеберханасын жалға алып келсе, енді өз ауласынан гараж салды. Құрылысқа қажетті қаржыны «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несиеге алған.
Болат Бисенов, кәсіпкер:
- Жабдықтар сатып алдым, көтеретін сатып алдым, мотор көтеретін компрессорлар. Слесарь болып істедім, бір 12 жылдай ма. Одан сол жұмыстан шығып кетіп, осы өзіме жұмыс істегім келді. Сервис ашқым келді. Сол өзім ойым солай болды. Соны қолдап ашып алдық. Енді істеп жатырмыз.
Ауылдық жерде өз ісімді ашсам дейтін азаматтар аз емес. Бірақ қаржы жоқтығы қолбайлау болатын. Келте жіпті күрмей алмай жүргендерге «Ауыл аманаты» бағдарламасы ұтымды мүмкіндік сыйлады. Тек биылдың өзінде 200-дей адамға несие берілді. Жыл соңына дейін тағы 600 тұрғынға 8 млрд теңге несие беру жоспарда.
Қазбек Ұзықанов, "AQJAIYQ" ӘКК Басқарма төрағасының орынбасары:
- Биыл біздің өңірде 2 млрд теңге игерілді. Ол қаржы былтырғы ақша болатын. Былтыр 5,5 млрд теңге бізге жылдың соңында түсті де игерілуі биылға қалды. Сол былтыр бөлінген қаржыдан 3 млрд, оған қосымша тағы 4,7 млрд келеді деп күтіп отырмыз. Барлығы 8 млрд теңгеге ауыл тұрғындарын несиелеу жоспарланған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған тұрғындардың өндірген өнімін өткізу де өңірде жолға қойылған. Бүгінде сүт, ет, жұмыртқа, құс еті және көкөніс өнімдері Қарашығанақ кенішін игеруші компанияларға тиімді бағамен жеткізіліп жатыр.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов