Бизнестің айналымы азайды

Жоспар бойынша биыл қазынаға 18,9 трлн теңге түсу керек.

Бұл былтырғыдан 4,4 трлн теңгеге артық. Бұған дейін экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік желіде алғашқы тоқсанның қорытындысын жариялады. Жоспар бойынша қаңтар-наурыз аралығында қазынаға 4 трлн теңге түсу керек болатын. Сол жоспар 101 пайыз орындалған. Ал бизнес не дейді?

Қазақ - қытай жүк тасымалы артты 

Жыл басынан бері Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалы 10 пайызға өсті. Мамандар "инфрақұрылымның кеңеюі мен өткізу мүмкіндіктерінің артуы көрсеткішті еселей береді" - дейді. Соның арқасында отандық жүк экспорты 17 пайыз өскен. Транзит те қарқынды.    

Жүк тасымалына бақылау қажет

Ал автотасымалды дөп басып айту қиын. Логистика жөніндегі сарапшы тасымалдаушылардың дені жеке кәсіпкер екенін айтады. Яғни олар арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейді. Бірақ бұл импорттаушылар мен экспедиторлар үшін қолайсыз, өйткені шығындарды шегерімге ала алмайды. Ал тасымалдаушылар жалпыға бірдей белгіленген режимге көшуге асықпай отыр. Сарапшы "қытай экспорттаушылары тарапынан бұларға сұраныс көп" дейді. Яғни "қолма-қол ақшаға жұмыс істеу мүмкіндігі бар". Оксана Сорокинаның айтуынша, маусымдық кіріс 1,5-3 мың доллар аралығында болады. Алайда жүк тасымалы тиісінше тіркелмеген соң салық толық көлемде түспейді. Дегенмен, бұл жаңашылдық енді енгізілгендіктен жұмыс жүйеленуге тиіс. 

Оксана Сорокина, логистика жөніндегі сарапшы:

- Бізде қазынаға салық көбірек түсу үшін ҚҚС көтерілді. Біз одан жалтармаймыз.  Бірақ, осы норма көлеңкелі тасымалға себеп болып тұр. Салдарынан қаражат мемлекетке жетпей жатыр. Қазақстандық экспедиторлардың бірі жабылса, енді бірі қысқарту жасады. Үшіншісі маржасын төмендетуге мәжбүр. Осылайша салықты аз төлейді. Біздің ойымызша, Қазақстан - Қытай тасымалында қыруар қолма-қол ақша айналып жатыр. Қытай тарапы біздің жүргізушілерге төлем жасайды, алайда, түскен қаражаттан салық төленбейді. 

Жүк тасымалын бақылау қажет

Сарапшы "жүк тасымалы мен көлік экспедициясы B2B сегментіне кіретінін ұмытпау керек" дейді. Көлеңкелі тасымал мәселесін шешу үшін бақылауды күшейтуді ұсынады. Логистика мамандары экспедиторларға бақылау функциялары жүктелгенін айтады, алайда бұл жүйе транзиттік жүктерге қолжетімді емес әзірге.

Жылдың алғашқы тоқсанында арнайы салық режимінде бизнестің айналымы 30-40 пайызға дейін азайған. Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың айтуынша, бұл көптеген кәсіпорынның жабылу қаупін туындатқан. Депутат "ҚҚС және компаниялар арасындағы шегерімдерге қойылған шектеулер, еңбекақы қорына жоғары жүктеме, салық жүйелеріндегі ақаулар, операциялар мен жеткізілімдердің бұғатталуы - бизнестің әлсіреуіне әкеледі" дейді. Кәсіпкерлер де бұл пайымды растап отыр. Олардың айтуынша, цифрлық жүйелердің істен шығуы тауарлардың виртуалды қоймаларда көрінбей қалуына себеп. Бұл өз кезегінде, жеткізілімдерді тоқтатуы ықтимал. Кейде деректер жойылып кетеді. Оны қайта енгізу бухгалтерияға түсетін салмақты арттырады. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов жергілікті салық органдарына мәселені зерттеп, бизнеске көмектесуді тапсырды. Ал өзге сұрақтарды нақтылау үшін уақыт қажеттігін алға тартты.

ЦИТАТА

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

- Сол себепті ҚҚС бойынша шекті деңгейді көтеру қажет. Міндетті төлемдерді біріктіруді ұсынамын. Жалақыға түсетін жүктемені де азайту керек. Коммуналдық қызметтер мен әлеуметтік маңызы бар тауарларды ҚҚС-тан босату маңызды. Негізгі сын – бюрократияның артуы. Кәсіпкерлер қазіргі өзгерістер салық жүйесін жеңілдету мақсатына қайшы келеді деп санайды.

Бизнеске ашықтық керек 

Бизнеске ашықтық керек. Салық жүйесіндегі өзгерістер осыны талап етеді. Бұл бір есептен экспорт пен импортты дұрыс жолға қоюға сеп. Бұдан бөлек жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Қазір елде басы артық жұмыс істемей тұрған бизнес орындары жабылып жатыр. Мысалға, Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, елде 550 мыңнан аса заңды тұлға тіркелсе, соның 200 мыңға жуығы есептен шығарылған. Ал 5 мыңға тарта кәсіп иесі банкроттық алдында. Бұл мәселе сауда, құрылыс, қызмет көрсету, ғылыми-техникалық бағыт, ауыл шаруашылығы, тасымал, т.б. салаларда өзекті. Тіпті жеке кәсіпкерлер де сапта ұзақ тұрмайды. Қазір олардың саны 1,7 млн-нан асады. 

Бизнес жаңа талапқа бейімделіп келеді

Экономика министрі елде ҚҚС салығын төлеушілер саны 146 мыңға жеткенін айтады. Бұл 12 мыңға көп. Серік Жұманғарин, шағын және орта бизнес өкілдерінің 5 пайыз азайғанын мойындайды. Ол бұл салада трансформация жүріп жатқанын айтады. Өзін өзі жұмыспен қамтып жатқандар көп. Жыл басынан бері шағын және орта бизнестен түскен салық көлемі 20 пайыз артып, 1,1 трлн теңгеге жетті. Министр бизнес пен өзін өзі жұмыспен қамтығандар жаңа талаптарға бейімделіп жатқанын айтады. Нәтижесін уақыт көрсетеді.