Зейнетақы табысы азайды: алаңдауға негіз бар ма?

Зейнетақы қоры 240 млрд теңге инвестициялық табысынан айырылды. Бұған теңгенің нығаюы себеп болды.

Бұл қалай дейсіз ғой? Бір қарағанда қарамақайшы көрінген құбылысты қаржыгерлер былай түсіндірді. Биыл бірінші тоқсанда теңгенің долларға қатысты бағамы 5,5 пайызға нығайды. Ал зейнетақы қоры акивтерінің 40 пайызына доллар сатып алынған. Демек доллар қымбаттаса, инвестициялық табыс артып, арзандаса, азаяды. Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова осылай деп мәлімдеді. Осы орайда «Зейнетақы жинақтарын тиімді пайдаланудың басқа жолы бар ма?» деген заңды сұрақ туындайды.

Зейнетақы табысы азайды: алаңдауға негіз бар ма?

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының 100 пайызын  жеке басқарушы компанияларға сенімгерлікке беру мүмкіндігі талқыланып жатыр. Ұлттық Банк бұл бастаманы қолдайды. Жақында өткен брифингте банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұндай қадам болашақ зейнеткерлер үшін тиімді болатынын айтты.

Тимур Сүлейменов, Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы:

- Зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін жеке басқарушы компанияларға тапсыру мүмкіндігін қолдаймын. Егер заңнамалық деңгейде шешім қабылданса, бұл болашақ зейнеткерлерге таңдау мүмкіндігін береді. Сонымен қатар бағалы қағаздар нарығына да оң әсер етеді. Жеке қорлар көбейсе, бәсекелестік артып, активтерді басқарудың тиімділігі есебінен салымшыларға көбірек табыс әкелуі мүмкін.

Ай сайын жұмыс берушіден түсетін 10 пайыздық аударымдар шотта жай жатпайды, инвестицияланады. Қазір қордағы жинақтарды Ұлттық Банктен бөлек, тағы 5 жеке компания басқарады. Алайда бұл мүмкіндікті пайдалануда салымшылардың белсендігі төмен.

Әйгерім Ілиясова, Qazaq Expert Club қаржыгері:

- Қазіргі кезде жинақтардың 50% жеке басқарушы компанияға беруге болады. Алайда көп адам оны қолданбайды. Сол нарықты кішкене стимуляция жасау үшін 100% дейін беруге құқық қарастырылып жатыр. Ұлттық Банк оны қолдап отыр. Қаржылық сауаттылығы жоғары, құнды қағаздар нарығын жақсы білетін және жеке басқарушы компаниялардың инвестициялық стратегиясын жақсы түсініп, өзіне лайықты стратегияны таңдай алатын адамдарға бұл жақсы мүмкіндік. Ал құнды қағаздар нарығын түсінбейтін адамдарға бүкіл жинақтарын Бірыңғай қорда ұстай беруге болады.

Ұлттық Банктің инвестициялық стратегиясы консервативті. Ол инфляцияны ескеріп, салынған соманың сақталуына кепілдік береді. Ал жеке компаниялар жоғары табыс көздегенімен, оның тәуекелі де жоғары. Қаржыгерлер жас кезде сол тәуекелге барып, жеке компанияларға сенуге, ал зейнет жасына таяғанда консервативті тәсілді таңдауға кеңес береді.  Ал наурыздағы 240 млрд теңгелік табыстың «кемуіне» келер болсақ, оған теңгенің нығаюы себеп болып отыр. Өйкені қор активтерінің 40 пайызға жуығы шетел валютасында.

Асан Ахметжан, Қазақстан Ұлттық Банкінің баспасөз хатшысы:

- Жыл басынан бері теңге бағамы нығайып келеді. Соның нәтижесінде инвестициялық портфельдің 38,9% болатын валюталық активтері қайта бағаланып, нәтижесі теріс мәнде шықты. Бухгалтерлік есеп стандарттарына сәйкес бағамды қайта бағалаудың мұндай теріс мәні уақытша іске асырылмаған табыстың төмендеуі ретінде көрсетіледі. Валюта нақты теңгеге айырбасталмайынша бұл өзгерістер тек есептік сипатта болады және нақты шығынды білдірмейді. Яғни қаражаттың азаюы деп саналмайды.

Бүгінде зейнетақы қорындағы жинақ көлемі 26 трлн теңгеге жуықтады. Оның 25 трлн теңгеден астамын Ұлттық Банк басқарады. Дегенмен табысты арттыру үшін жеке компанияларды таңдайтындар қатары артып келеді.

Мұрат Шәріпов, БЖЗҚ АҚ басқарушы директоры:

- Бүгінгі күнге дейін азаматтарымыздың жеке басқарушы компанияларға аударған қаражаты 100 миллиард теңгеден асты. Басқарушы компаниялардың кейбіреуі өткен жылдың қорытындысы бойынша жоғары инвестициялық табыс көрсетті. Мысалы, Ұлттық Банктің инвестициялық кірістілігі 11,4% болса, жекелеген басқарушы компаниялардың табыстылығы 17%-дан асты. Бұл көрсеткіштер салынған қаражаттың көлеміне және басқарушы компанияның стратегиясына тікелей байланысты.

Сайып келгенде, Ұлттық Банк өкілдері салымшылардың қаражаты жоғалмағанын баса айтты. Зейнетақы жинақтарының инвестициялық табысы – ұзақ мерзімді жоба, сондықтан валюта бағамы мен бағалы қағаздар құнының күнделікті ауытқуына алаңдауға негіз жоқ.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова