БҚО-да сүт өндірісі артады

Батыс Қазақстан облысы Зеңгі баба тұқымының саны жөнінен аймақтар арасында екінші орында.

Қазір өңірде сиырдың саны миллионнан асады. Бірақ соған қарамастан елдің аузы аққа жарымай отыр. Тұтынылатын сүттің ширегі ғана жергілікті жерде өндіріледі, ал қалғаны шекараның ар жағынан немесе өзге өңірлерден тасымалданады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы жылдары өңірде төрт тауарлы сүт фермасы салынды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші: 

- Соңғы жылдары Орал өңірінде құрылған 4 сүтті-тауарлы ферманың бірі міне Бөрлі ауданы Пугачев ауылында орналасқан. Мұнда былтыр Будапешттен 373 бас голштин тұқымды сүтті сиырлар жеткізіліпті. Дунайдың бойын тастап Жайықтың жағасына жерсінген Зеңгі баба тұқымының әрқайсысы тәулігіне отыз литрден сүт береді.

Сиырдың сүті тілінде. Қысы-жазы қорадан шықпайтын қара ала құнажындар шөптің нәрлісін, жемнің құнарлысын жейді. Күніне екі мәрте сауылады. Ірілігі сонша сауыншылардың қолы желінге шақ жетеді.

Вера Карченко, сауыншы: 

- Әр сауғанда 15-18 литр сүт береді. Бір кіргенде 16 сиыр кіреді сауын бөлмеге. Саумай тұрып желінін жуамыз мұқияттап. Жергілікті сиырларға қарағанда әрине сүтті көп береді. Ауылда туып өстім ғой. Бірақ мынадай сүтті сиырларды осында келіп көрдім.  

Қожалық жетекшісінің айтуынша, ферманы құруға мемлекеттің көмегі көп тиген. Агроөнеркәсіп кешендегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы арқылы ферманың құрылысына және 400 бас сиыр әкелуге жеңілдетілген несие берілген. Еуропадан келген сиырлардың 190-ы бұзаулаған. Күн сайын фермадан 3 жарым тонна сүт сауылады. Қазір кәсіпкер сүт өңдеу цехының құрылысын бастаған. Себебі ауданда сүт өңдейтін кәсіпорын жоқ. Шаруалар сүтті 150 шақырым жердегі Дариян ауылына тасуға мәжбүр.

Бақыт Далабаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Біздер үшін бұл біріншіден, алыс. Екіншіден бағасы да өте төмен және жаңағы өзіміз алып барамыз. Сонда да бізге бағасы төмендеу болып тұр. Қазір 220, сүттің жалпы өзінің енді «себестоимость» 210 теңге ғой. Облыста қазір сүттің реализациясы кішкене проблема. Жалпы менде емес, басқа да сүт өндірушілердің бәрінде.  

Облыс тұрғындарының сүт өнімдеріне қажеттілігі 112 мың тоннаға жетеді. Соның 25% ғана жергілікті жерде өндіріледі. Таяуда тағы 4 тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілмек.

Рүстем Зұлқашев, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұлар іске қосылғанда біз жалпы сүттің өндірісі 37% қамтамасыз ететін деңгейге келуіміз керек. Және де ол сүтті тек қана өндіріп қана қою емес, оны өңдеу мәселелері бар.  Осы сүттің өндіру көлемін «Ауыл аманаты» бағдарламасының да әлеуетін пайдалана отырып өсіру. Одан жаңағы өндірістік кооперативтер құрып жатырмыз. Олардың мақсаты - жалпы мына елді мекен тұрғындарының сүтті сиырларын сауып, бірігіп жинап, оны өңдейтін кәсіпорындарға тапсыру. 

Қазір өңірде жылына 28 мың тонна сүт өндірілсе, бұл көрсеткішті 41 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов