Қазақстандағы ескі үйінділер құнды шикізатқа айналып жатыр

Фото: depositphotos.com

Жақында ғана өндіріс қалдығы саналған нәрселер бүгінде бағалы металдардың жаңа көзіне айналуы мүмкін. Әлемдік шикізатқа сұраныстың өсуі мен технологиялардың дамуы аясында көптеген елдер жаңа кен орындарын игерудің орнына ескі үйінділер мен кең байыту қалдықтарын қайта өңдеуге көбірек назар аудара бастады.

Қазақстан үшін бұл тақырып ерекше өзекті бола түсуде. Qazaq Expert Club шақырылған сарапшысы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі және Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Низами Джафаровтың айтуынша, жер қойнауын тиімді пайдалану мәселесі экологиялық қана емес, экономикалық міндетке де айналып отыр.

«Бүгінде ескі үйінділер іс жүзінде «екінші реттік кен орындарына» айналуда. Пайдалы компоненттердің едәуір бөлігі әлі күнге дейін өндіру және өңдеу кезеңдерінде жоғалады, ал заманауи технологиялар оларды әлдеқайда тиімді алуға мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, 1970-жылдары өнеркәсіптік игеруге құрамында кемінде 2 г алтын бар кендер тартылса, бүгінде құрамында 0,4–0,5 г/т алтын бар кендер де бәсекеге қабілетті саналады.
«Көрнекі мысалдардың бірі, – дейді академик Джафаров, – Қостанай облысындағы Жітіқара алтын кен орны. Ол шамамен 50 жыл бойы үзіліспен игерілді. Сол кезде құрамында кемінде 3 г алтын бар кендер ғана өнеркәсіптік деп есептелді, ал өндірілетін кендегі алтын мөлшері орта есеппен 7–10 г/т болды.

Сонымен қатар «бос» жыныстардың өзінде алтын мөлшері 3 г/т-ға дейін жеткен. Алайда мұндай материалдар перспективалы деп саналмай, тіпті автомобиль жолдарын салуға пайдаланылған».
Джафаровтың пікірінше, технологиялардың дамуы мен металдар бағасының өсуіне байланысты осындай жыныстардың бір бөлігі бүгінде толыққанды өнеркәсіптік шикізат ретінде қарастырылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, бұл кен орнының байыту қалдықтары әлі күнге дейін сынап, мышьяк құрамының және жоғары шаңданудың салдарынан экологиялық қауіпті болып отыр. Сонымен қатар зерттеулер бұл қалдықтарда орташа мөлшері шамамен 1 г/т болатын бір тоннадан астам алтын әлі де бар екенін көрсетті.

Академиктің түсіндіруінше, ресурстардың едәуір бөлігі кен орындарын бағалау кезеңінде-ақ жоғалады.

«Пайдалы компоненттердің табиғи қорының тек 60–80%-ы ғана минералдық ресурс ретінде бағаланады. Оның ішінде 70–90%-ы ғана өнеркәсіптік игеруге түседі: қазіргі сәтте ең жоғары экономикалық тиімділік беретін қорлар ғана өндіріледі», – дейді сарапшы.

Қосымша шығындар өндіру мен өңдеу барысында да болады. Өндіру кезеңінде пайдалы компоненттердің шығыны 5–10% және одан да көп болуы мүмкін, ал тағы 15–30%-ы кенді өңдеу мен дайын өнім алуда жоғалады.
Нәтижесінде кейбір пайдалы қазбалар бойынша соңғы өнімге дейін жер қойнауындағы пайдалы компоненттердің жартысынан азы ғана жетеді.

Бүгінде кен орындарын бағалау кезінде заманауи технологиялар, экологиялық, тау-кен техникалық және экономикалық факторлар ескеріледі. Алайда негізгі критерий әлі де өндірістің қазіргі максималды рентабельділігі болып отыр.

«Тек экономикалық пайданы ғана емес, кен орындарын игеру кезінде ел жоғалтатын ресурстар көлемін де ескеру қажет. Кей жағдайда кедей кендер мен байыту қалдықтарын бөлек сақтау тиімдірек болуы мүмкін, кейін технологиялар дамып, нарық конъюнктурасы өзгерген кезде оларды анағұрлым тиімді өңдеуге болады», – дейді Джафаров.

Шын мәнінде, бұл жер қойнауын пайдаланудың жаңа моделіне көшу туралы мәселе, мұнда тек жаңа кен орындары ғана емес, ондаған жылдар бойы өндіріс қалдығы саналған материалдар да құнды бола бастайды.