Композитор Ілия Жақанов 90 жасқа толды
«Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, жазушы-ғалым Илья Жақанов 90 жасқа толды.
Өнер мен руханиятты қатар өрбіткен бірегей тұлғаның мерейтойы ел көлемінде кеңінен аталып өтуде. Осыған орай Атырауда айтулы тұлғаның құрметіне арналған фотокөрме мен мерекелік кеш ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңіренен зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер жұртшылық бас қосты. Илья Жақанов композитор, музыка зерттеушісі ретінде кеңінен танылған тұлға. Кейін Атырауға қоныс аударғалы бойындағы тағы бір таланты ашылды. Сөйтіп, Абыз ағамыз 73 жасында суретшілік арманына қол артып, қылқаламды да серік етті. Бүгінде жасы 90-ға келсе де қылқаламын қолынан тастаған емес. Қазақ музыкасының аңызына айналған тұлға туралы фотокөрме өнер иесінің сан қырынан сыр шертеді. Илья Жақановтың тағы бір ерекше қыры – жазушылығы мен аудармашылығы. Оның роман, повесть, эсселері бүгінде қазақ әдебиетінің алтын қорына енген. Ұлттық музыкамыз бен ұлы қайраткерлерімізді зерттеп, зерделеу жұмыстарында өз қолтаңбасы бар Алаштың ардақтысы кең байтақ Қазақстанға ортақ тұлға.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:
- Бұл кісінің ерекшелігі жан-жақты өнердің бәріне қатысқан адам. Ол музыка бола ма, ол әдебиет бола ма,ол театр бола ма, ол ғылыми жұмыстар бола ма міне, осының бәрінде де Илья Жақановтың фамилиясы жарқырап тұрады.
Ілия Жақанов, Қазақстанның Еңбек Ері, композитор:
- Атырау да менікі, Орал да менікі, Маңғыстау да менікі, Баянауыл да менікі, Қарқаралы да менікі, Жаңаарқа да менікі. Бәрі менікі. Менің ұлы далам. Сол ұлы даланың перзентімін Мен!