42,5 млрд теңге: Қарағанды облысында фармацевтикалық зауыт салынады
Қазақстан Үкіметі Қарағанды облысында құны 42,5 млрд теңге болатын фармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады, деп хабарлайды «24KZ».
Жеке инвестициялардың жалпы көлемі 42,5 млрд теңге. Жоба саладағы ірі инвестициялық бастамалардың бірі және фармацевтикалық өндірісті локализациялауды тереңдетуге, сондай-ақ жоғары технологиялық өндірістік қуаттарды дамытуға бағытталған.
Жоба аясында дәрілік заттардың 74 атауын өндіру жоспарланып отыр. Өндірістік желі медицинаның маңызды бағыттарын, оның ішінде, онкологиялық, аутоиммунды және орфандық ауруларды емдеуге арналған инновациялық дәрілік препараттарды қамтиды.
Зауыт әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу мен емдеуге қажетті иммунобиологиялық және басқа да жоғары технологиялық препараттарды өндірумен қатар, әлемдік стандарттар бойынша белсенді фармацевтикалық ингредиенттердің, биологиялық және биотехнологиялық өнімдердің синтездеуді жолға қояды.
Жоба Қарағандыда 70-ке жуық жаңа жұмыс орнын ашуға және заманауи фармацевтикалық өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.