Қазақстаннан Түркияға алюминий экспорты артты

Қазақстан түркі әлемінде бай минералдарымен мақтана алады.

Түркияға жөнелтіп отырған тауардың 90 пайызы мұнай мен мыс. Биыл өңделмеген алюминийге де сұраныс артты. Бұл металл жаһандық нарықта қашанда сұранысқа ие, әрі бағасы да күн санап өсіп жатқаны белгілі.

Алюминий кластері түзіледі 

Еліміз түсті металды өндіріп қана қоймай, оны терең өңдеуге кіріседі. Олжас Бектенов толық цикл қамтылатынын айтады. Ең алдымен шикізатқа тәуелділікті төмендету керек. Қазірдің өзінде ішкі нарықтағы қажеттілік айтарлықтай. 30 компаниядан өтінім түскен. Олар мыс, алюминий, мырышқа зәру. Бір ғана алюминийге сұраныс 77 мың тоннаға дейін артты. Депутаттық сауалға жауабында Олжас Бектенов металл және алюминий класстерін түзуге басымдық берілетінін жеткізді. Инвесторлармен келісім жасалды. Келешекте Қостанай мен Павлодар облыстарында алюминий және бастапқы алюминий өндірісі іске қосылады. Бұл металдарға деген ішкі сұранысты өтеп, елдің экспорттық әлеуетін күшейтеді.

ЦИТАТА:

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі

- 2022 жылдан бері «Бәйтерек» холдингі арқылы 118 қайта өңдеу жобасына 539 млрд теңге қолдау көрсетілді. Аралас қаржыландыру арқылы мұндай көмектің жалпы сомасы 750 млрд теңгеге жуықтаған. Биыл қосымша 329 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз.

Түркияға алюминий экспорты артты

Жыл басында Түркия қазақстандық алюминийге сұранысты 80 есе арттырды. Сөйтіп, 22 млн доллардың өнімін экспорттадық. Өңделмеген мырыш саудасы 184 есе өскен. Оның жалпы құны 20 млн доллардан асты. Иә, Түркия еліміздің басты сауда серіктерінің бірі. Алдыңғы бестікте тұр. ((LED2)) Былтыр қос ел арасындағы өзара тауар айналымы 5,4 млрд долларға жетті. Оның дені экспорт еншісі. Бауырлас елге мыс, шикі мұнай, өңделмеген алюминий жеткіземіз. Мамандар өзара сауданың дамуына көлік-логистикалық ынтымақтастық ықпал еткенін айтады. Бұдан бөлек, минералдық шикізат түрлерін Қытай, Еуропа, Ресей, басқа да нарықтарға тасымалдап отырмыз.

Түркияға экспорттаймыз:

мыс пен мыс катодтары - $1,7 млрд (43,2%)

шикі мұнай - $1,5 млрд (38,6%);

өңделмеген алюминий - $160,6 млн (4,1%);

мұнай өнімдері - $136,7 млн (3,5%))

Марғұлан Байбатыров, ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы

- Қазақстан әлемдегі ірі минералдық шикізат базасына ие мемлекеттердің қатарына кіреді. 10 мың кен орнын қамтиды. Оның ішінде 109 қатты пайдалы кен орны бар. 359 көмірсутек кен орны бар. 3700-ден астам кең таралған пайдалы қазбалар бар. 4900-ден астам жерасты су көздері бар. Негізгі экспорттық өнімдер мұнай және мұнай өнімдері. Уран, мыс, темір кені, алтын, мырыш, алюминий және хром экспорттық өнімдер шығарылады.

Ескі кен орындарын қайта игеру ұсынылды 

Иә, кен орындары жетерлік. Оның игілігін көріп жатырмыз. Енді ескі үйінділерді де құнды шикізатқа айналдыратын кез келді. Мамандар әлемдік сұраныстың өсуі мен технологиялардың дамуы мұндай мүмкіндікті қолжетімді еткенін айтады. Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Низами Джафаров жер қойнауын тиімді пайдалану мәселесі экологиялық қана емес, экономикалық міндетке де айналғанын айтады. Сарапшы Қостанай облысындағы Жітіқара алтын кен орнын мысал етті. "Ол 50 жыл бойы үзіліспен игерілді. Сол кезде құрамында 3 г алтыны бар кендер ғана өнеркәсіптік деп есептелген, ал өндірілетін кендегі алтын мөлшері 7–10 г болатын". Демек, бұл межеге жетпеген орындар игерусіз қалды. Низами Джафаров "қазір жаһандық шикізат тапшылығы кезеңінде осы орындарды қайта барлау маңызды" дейді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл жұмысты бастап кеткен. Тіпті тиісті кадастр аяқталды. Оған сай 57 млрд үйінді, яғни техногенді минералды түзілім жиналғаны белгілі болды. Қазір оларды ревизиялау жұмысы жүріп жатыр.

Марғұлан Байбатыров, ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

- Біз 1700-ден астам техногенді минералды түзілімдерді ревизияладық. Оның орналасқан жерін көрсетіп, енді зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Сол зерттеу нәтижесінде техногенді минералды түзілімдер ішінен қандай пайдалы қазбаны алуға болатынын, технологиясын және қандай пайдалы қазбадан тұратынын зерттейміз. 

Геологиялық деректер қорын ЖИ өңдейді 

Елде ұлттық геологиялық деректер қорын цифрландыру жұмысы аяқталып қалды. Бүгінге дейін 60 мың есеп жинақталған. Енді оны өңдеу қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі маңызды жұмысты жасанды интеллектіге тапсырмақ. 

Экономикамыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын.