Елде несие пайызы төмендейді

Елімізде несие пайызы арзандады. Бұған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк енгізген шектеу себеп.

Олар қабылдаған арнайы қаулы негізінде енді қарыздың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 46 пайыздан аспауға тиіс. Бұл нарыққа қалай әсер етеді?

Жаңа өзіңіз атап өткендей, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк арнайы қаулы қабылдаған болатын. Ең жоғарғы көрсеткіш екінші деңгейлі банктер беретін кепілсіз қарыздар мен микроқаржылық ұйымдарға тиесілі. Ал кепілі бар қарыздардың үстемесі 35 пайыздан аспауы керек. Ең төменгі көрсеткіш ипотекалық заемдарда. Олар 1 шілдеден бастап 20 пайызға түседі.

Жазда баспана бағасы төмендеуі мүмкін

Серік Селеубайұлы, тілші:

- 1 шілдеден бастап ипотека арзандайды. Құзырлы орындар тұрғын-үй заемдарының үстемесіне шектеу қойды. Енді ол 46 пайыздан асауы керек. Бұл қазақстандықтардың қарыз жүктемесін азайтып, баспаналы болуына септігін тигізуге тиіс.

Иә, бұл шектеудің бастапқы мақсаты осындай. Яғни қарыз пайызын төмендетіп, баспана қолжетімділігін арттыруды көздейді. Алайда мамандар бұл банктердің қарыз беруді қысқартуына алып келуі мүмкін деп отыр.

Вячеслав Лазарев, Құрылысшылар одағының Астана қалалық филиалы директоры:

- Қайталама нарықтағы ипотекаларды алу қиындай түседі. Себебі банктер несие беруді тоқтатып, бағдарламаларға қатыспай қояды. Олар тек жаңа үйлер нарығында қалып немесе мүлдем ипотека беруді доғаруы мүмкін.

Банктер қазірдің өзінде ипотекалық қарыз беруді азайта бастады. Сарапшының айтуынша, бұрын келген өтініштің 35 пайызын мақұлдаса, бүгінде бұл көрсеткіш 23 пайызға дейін түскен. Сондай-ақ несие алушыларға деген талап та күшейіп отыр. Алайда бұл банктердің қаржы нарығын реттеушілерге бірінші қыр көрсетуі емес. Былтыр күзде де Агенттік пен Ұлттық банк осы өзгерісті енгізуге тырысып көрген. Ол кезде екінші деңгейлі банктер нарықтық ипотека беруді уақытша тоқтатқан еді. Оған базалық мөлшерлеме 16 жарым пайыздан 18 пайызға көтерілуі себеп болды. «Алайда биыл жағдай өзгеруі мүмкін», - дейді сарапшы.

Күзде бұл шешімді алты айға шегерді. Оған базалық мөлшерлеменің жоғары болуы себеп. Десе де қазір базалық мөлшерлеме сол деңгейде қалды ғой. Мүмкін біз білмейтін бірдеңе бар шығар. Бәлкім шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені түсіруді жоспарлап отырған шығар. Сонда нарықтық ипотеканы сақтап қаламыз. Десе де өзім оған сенбеймін. Себебі Ұлттық банк екінші жарты жылдықта ғана базалық мөлшерлемені түсіре бастаймыз деп мәлімдеген.

«Әзірге ипотека мәселесінде әліптің артын баққан дұрыс», - дейді сарапшы Айбар Олжай.

Айбар Олжай, сарапшы:

- Ипотека қанша дегенмен кепілсіз емес қой. Белгілі бір кепілмен сақтандырылады. Оның артында кепіл зат бар. Сондықтан бұл кредиттердің ішіндегі ең қауіпсіз кредит боп саналады. Оның кез келген дефолт жағдайда кепіл заты бар. Сондықтан банктердің ипотека ставкасын түсіргенде де бәрібір белгілі бір маржасы сақталады деген ой бар. Енді қаншалықты банктер бұған дейін маржаның көптігіне қатты үйренген, аз маржаға жұмыс істеуге дайын ба деген сұрақ туындайды.

Сондай-ақ банктер табысынан қағылмауы үшін жаңа механизм енгізіліп жатыр. Ол ереже бойынша тұрғын-үй бағасы мен қарыз алған сомаға байланысты үстеме мөлшері өзгеріп отырады. Яғни алғашқы жарна неғұрлым көп болса, пайыз да төмен болады. Сарапшылар бұл нарықты өзгертеді деген пікірде.

Венера Жаналина, қаржыгер:

- Себебі банктерге төнетін қауіп аз. Соманың көп бөлігін қарыз алушының ақшасы жауып тұр. Сондықтан мөлшерлемелер төмендеп, үстеме есептеу механизмі өзгерген соң ипотека нарығы да өзгереді. Қарыз алу қиындап, сұраныс азайған соң баспана бағасы да төмендейді.

Яғни бұл шектеулер дәл қазір қиындық туғызғанымен болашақта жағымды әсер етуі мүмкін.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Марат Диқанбаев