Ақтөбеде мыс өңдеу зауытының құрылысы басталды
Ақтөбеде мыс рудасын өңдейтін зауыт құрылысы басталды.
Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібін ашуға шетелден инвестиция тартылды. Дайын өнімді ішкі нарықпен қатар шетелге экспорттау көзделген. Зауытта 250 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.
Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібі жобасының іргетасы «Ақтөбе» арнайы экономикалық аумағында қаланды. Жоба облыс әкімдігі мен KAZAKH INVEST акционерлік қоғамының қолдауымен және шетелдік инвестиция есебінен жүзеге асырылады.
Абзал Әбдікәрімов, облыс әкімінің орынбасары:
- 100 млн АҚШ доллар инвестиция құймақшы. Оның ішінде 90 млн айналым капиталы, 10 млн АҚШ долллары осы капиталдық шығындар. Келешекте үлкен өндіріс орнына айналады деп ойлаймыз. Осы өндіріс орнын ашқаннан кейін басқа да кәсіпкерлер, инвесторлар осы жобаларды толықтырып, осы арнайы экономикалық аймағымыз одан бері дамиды деген ойдамыз.
Зауыттың негізгі өнімі мыс катанкасы мен кабель бұйымдары. Тауарды ішкі нарықпен қатар Еуразиялық экономикалық одақ және Еуроодақ елдерінде саудалау көзделген. Зауыттың қуаттылығы жылына 50 мың тонна. Нәтижесінде Ақтөбе облысы мыс өнеркәсібінің өңірлік хабына айналады.
Сұлтанғали Кенжеқұлов, "Kazakh Invest ҰК" АҚ Басқарма төрағасы:
- 25 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін мыс өндіріледі. Жалпы осы шығарылатын өнімнің көлемі - 500 млн долларға дейін жетеді. Өте үлкен өндіріс. Ол енді мысты шикізат түрінде сатпай біз оны тереңдей өңдейміз.
Құрылыс жұмыстары бір жыл ішінде аяқталуы тиіс. Алғашқы өнімді де 2027 жылы нарыққа жөнелту көзделіп отыр. Жаңа зауыт Қазақстан тау-кен металлургиясы саласындағы өндірістік тізбекті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Мансұр Есқожин, Айбек Даутов