Қазақстан – Орталық Азиядағы IT- хабқа айналады

Кейінгі 5 жылда IT-экспорт көлемі 5 есе өсті. Мамандар мұны миллиардтаған валюталық түсім әкелетін толыққанды салаға балайды.

Қазір отандық цифрлық сервистерді әлемнің жүзден аса елі импорттап отыр. Ал негізгі нарық қайсы?

Қазақстан – Орталық Азиядағы IT-хабқа айналады. Мамандар «қазіргі қарқын бұған дәлел» дейді. Цифрлық индустрия жылдан жылға сапалы деңгейге көтеріліп жатыр. Әлбетте Astana Hub технопаркінің үлесі зор. Оның резиденттері 633 млн доллар көлемінде экспорт жасаған. Ауқымды нәтижеге салық жеңілдіктері, тиімді бағдарламалар, инвестициялық қолдау сеп болды. Бұған қоса, халықаралық хабтармен байланыс нығайды. Соның арқасында АҚШ, Қытай, БАӘ және Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде IT өнімдер мен қызметтерді ұсынуға мүмкіндік артты.

Саида Тілеуленова, қаржыгер:                         

- Егер қазіргі өсу қарқыны сақталса, IT-сектор алдағы 10–15 жылда экономиканы әртараптандырудың негізгі драйверлерінің біріне айналуы мүмкін. Бұл Қазақстан үшін валюталық түсімнің жаңа көздерін қалыптастыруға, экономиканың тұрақтылығын арттыруға және елдің жаһандық цифрлық нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

IT-экспорт рекордтық деңгейге жетті

IT-сектордың экспорттық түсімі импорттан 2 жарым есе көп. Былтыр еліміз сыртқы нарыққа 1,1 млрд доллардан асатын IT-қызметтер мен цифрлық өнімдерді сатты. Көрсеткіш 2020 жылдан бері 5 есе өскен. Қаржыгер Саида Тілеуленова «лайықты адами капитал, білім мен технологиялар болса, нарық ауаны кеңейе береді» дейді. Өйткені «Мұнай, металл немесе уранға қарағанда, цифрлық экспорт табиғи ресурстарды өндіруге, күрделі логистикаға және әлемдік шикізат бағасының құбылуына тәуелді емес». Қазір отандық IT мамандардың цифрлық сервистері 110-нан аса елге экспортталады. Бұл қатарда АҚШ, Ресей, Сингапур, Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия мемлекеттері бар. Сәтін салса, 2030 жылға қарай IT-қызметтер экспорты 5 млрд долларға дейін ұлғаяды.

Саида Тілеуленова, қаржыгер:

- Цифрлық экспорт Қазақстанға әлемдік экономикаға шикізат жеткізуші ғана емес, технологиялар мен зияткерлік шешімдер жеткізушісі ретінде де интеграциялануға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде еліміз оң цифрлық сауда балансын қалыптастырып жатыр. Бұл дамушы экономикалар үшін сирек кездесетін құбылыс.

IT экспорт  көлемі

2020 $34.9 млн

2021 $60–76 млн

2022 $337–339 млн

2023 $529 млн

2024 $690–700 млн

2025 $1.1 млрд

IT-мамандарға сұраныс артады

Иә, IT-экспорт бір қызметкерге шаққанда әлдеқайда жоғары қосылған құн береді. Осы ретте IT-инженер, бағдарлама жасаушы, деректерді талдаушы, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект мамандарына сұраныс арта береді. IT-әйелдер қауымдастығының жетекшісі Диана Бақбергенова да біздегі әлеуетті жоғары бағалап отыр. Оның айтуынша, елде IT университеті мен тегін білім беру бағдарламалары бар. Сол арқылы азаматтар жаңа мамандық меңгеріп, халықаралық нарықта жұмыс істей алады. Шетелдік мамандардың да елде орнығып, еңбек етуіне мүмкіндік жасалды. Digital Nomad бағдарламасы аясында әлемнің 30 елінен 700-ден астам өтінім берілген. Қазір 120 адам ресми мәртебе алды. Жалпы қазақстандық IT-мамандар мен стартаптарға халықаралық нарықта сенім артып жатыр. Өйткені, кәсіби деңгейі жоғары, ал қызмет құны Батыс елдерімен салыстырғанда төмен. Бұл шетелдік компаниялардың қызығушылығын арттыра түсті.

Диана Бақбергенова, IT-әйелдер қауымдастығының жетекшісі:

- Біздің IT мамандар, IT стартаптар халықаралық аренада өте танымал және оларға қолдау жасалынады. Шынымен де IT мамандарына сенім бар. Себебі IT мамандарымыз тек төлемі аз емес, бірақ оған қоса мамандықтары жоғары, кәсіби сол себептен оларды таңдайды.

Астанада стартаптар көрмесі өтеді

Бүгін Астанада стартаптар көрмесі өтеді. Инвесторлар, сарапшылар, бизнес және инновациялық қауымдастық өкілдеріне 17 технологиялық жоба ұсынылмақ. Оның арасында ауруларды ерте диагностикалауға арналған AI-платформалар, бизнес-процестерді автоматтандыру, алаяқтық қоңырауларды анықтау, сондай-ақ терапияны, логистиканы және өнеркәсіп қауіпсіздігін цифрландыруға арналған ұсыныстар бар. Жобалардың бір бөлігі адами капитал мен білім беру саласын дамытуға бағытталған, - дейді мамандар.