Қызылордада екі зауыттың құрылысы басталды
Қызылордада екі өндіріс орнының құрылысы басталды.
Оның бірі жылына 500 мың дана санитарлық-техникалық бұйым шығаратын кәсіпорын. Ал екінші жоба аясында жылына 240 миллион дана, шыны ыдыс әзірленбек. Мамандардың айтуынша, бұл зауыттар аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.
Испанияның «Roca Group» компаниясы салатын зауытта санитарлық-техникалық жабдықтар өндіріледі. Өндіріс орыны жылына 500 мың бұйым дайындайды. Өнім елімізден бөлек Орталық Азия нарығына экспортталады. Жобаның құны 44 миллиард теңгеден асып отыр.
Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі:
- 24 гектар жер бөлінген болатын, барлық инфрақұрылымдарын тартқан болатын. Жобаның құрылысы негізі екі жылға жоспарланған. Бірақ оған қарамастан биыл сол сантехникалық бұйымдарды жинауды биыл бастайды. Оған да қосымша біз ғимараттармен келісім бар, кәсіпкерлермен бірлесіп, биыл жұмысын бастап кетеді. Сондықтан бұл өте қомақты, еліміз үшін өте қомақты жобаның бірі.
Жоба толық жүзеге асқанда 300-ге жуық тұрақты жұмыс орыны ашылады. Өндіріске жергілікті мамандарды тарту үшін оларды арнайы оқыту жұмыстары да қолға алынбақ. Ал компания өнімдері ұсынылатын шоурумдар Астана және Алматы қалаларында ашылады.
Даниэль Эрнандес, "Roca Group" компаниясының бас директоры:
- Логистикасы дамыған, шикізаты мол Қызылорданы «Roca Group» компаниясы кездейсоқ таңдаған жоқ. Бұл аймақ өнімді өзге елдерге экспорттауға өте қолайлы.
Мұнан бөлек өңірде «Seven Rivers Technologies» (Сэвэн Риверс Технолоджис) серіктестігінің шыны ыдыстар шығаратын зауытының құрылысы басталды. Жоба құны 60 миллиард теңгеден асады. Кәсіпорында жылына 240 миллион дана дайын өнім шығару жоспарланған. Өндіріс орыны 2027 жылы іске қосылады деп күтілуде.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин