Отандық кәсіпкерлер ұлттық балмұздақ түрлерін сатып жатыр
Баланың сүйікті тәттісі балмұздаққа жазда сұраныс күрт артады. Бұл – белгілі.
Бие сүтінен жасалған тәттіні кішкентайлар да сүйсініп жейді, соған орай өтімі де тәуір. Елде балмұздақ өндірісі артып келеді. Тіпті экспорт көлемі импорттан асып кетті.
Қазақстанда балмұздақ нарығы кеңейді. Ұлттық статистика бюросы мен сарапшылардың деректеріне сүйенсек былтыр мұндай 63 мың тоннадан астам өнім өндірілген. Бұл алдыңғы жылдағыдан 22 пайызға көп және кейінгі ширек ғасырдағы рекордтық көрсеткіш. Біздің ел алғаш рет балмұздақтың нетто-экспорттаушысы мәртебесіне ие болды. Яғни экспорт көлемі импорттан асып жығылды. Былтыр отандық тауарөндірушілер шетелге 14 мың тоннадан астам балмұздақ сатқан. 36 пайыз өсім байқалады.
Өнімдердің көбі Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне экспортталды. Ал импорт 5 пайызға қысқарып, 12 мың тонна болды. Бұл отандық кәсіпорындардың сыртқы нарықпен бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанын аңғартады.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі:
- Экспорттың артуына жеткізілетін өнім құнының өсуі де ықпал етті. Былтыр қазақстандық балмұздақтың орташа экспорттық бағасы 1 кг үшін 3,47 долларға жетіп, отандық өнімнің қосылған құны мен сапасының артқанын көрсетті.
Балмұздақ бие сүтінен жасалады
Нарықта балмұздақтың түр-түрі бар. Бәсеке жоғары, таңдау мол. Соның ішінде отандық кәсіпкерлер ұлттық сусын түрлерінен де балмұздақ өндіре бастады. Кәдімгі қымыз бен саумалдан тәтті өнімдер жасалып жатыр. Тауарөндірушілердің айтуынша, мұздатқан кезде шикізат құрамындағы дәрумендер жоғалып кетпейді. Керісінше, тәтті әрі қою өнімге айналған ұлттық сусындарды жеткіншектер жарыса жейді екен. Олардың бие сүтіне деген қызығушылығын кәсіпкерлер осылай арттырып отыр. Саумалдан жасалған балмұздақтар түрлі қоспалар арқылы боялып та сатылады. Ал қымыз әрлеуге келмейді. «Нарықта мұндай табиғи өнімдерге сұраныс жоғары», - дейді тауарөндірушілер.
Дархан Көкебай, кәсіпкер:
- Саумалдың сапасына көп көңіл бөлінеді. Саумалдың сауған беттегі бастапқы қалпын сақтау үшін арнайы құрылғыға салып, соны қатырып, арнайы жасалады. Қымыз түріне келсек, қымыздың да кез келгені бұған келмейді. Өйткені қазір көптеген қымыздың сапасы да, пісу де дұрыс болмаса, балмұздақ дұрыс шықпай қалады.
Қант пен шоколад қосылған өнімдер көбейді
Өзге де тәтті өнімдерге тоқталсақ, Қазақстанда қант және шоколад қосылған кондитерлік өнімдер көбейді. Биыл қаңтар-ақпан айларында азық-түліктің барлық түрі бойынша 665 млрд теңгенің тауары шығарылған. Соның ішінде біз айтып отырған тәтті өнімдер 23 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми статистикасы осындай. Өңделген және консервіленген жеміс мен көкөніс көлемі 13 пайызға ұлғайды. Сусын өндірісі де қанат жайып келеді. Биыл екі ай ішінде мұндай өнімдер 175 млрд теңгеге бағаланған. Бұл ретте алкогольсіз сусындар өндірісі 43 пайызға өсіп, 564 млн литрге жетті.
Ірімшік пен сүзбеге сұраныс күрт артты
Сондай-ақ елде ірімшік пен сүзбеге сұраныс артты. Биыл алғашқы тоқсанның өзінде 15 мың тоннадан астам өнім өндіріліп, көрсеткіш былтырғыдан 38 пайызға өсіп отыр. Ұлттық статистика бросының мәліметі осындай. Тауардың басым бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталып, экспорт 20, ал импорт 10 пайызға азайды.