«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да инвесторлардың құқы бұзылды

Жетісу облысының прокуратурасы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы мен инвесторлар арасындағы шарттарда заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды «24KZ».

Соның салдарынан 11 инвестор 10 млн теңгеден астам мөлшерде артық шығынға ұшыраған.

Прокуратуралық тексеріс барысында аталған АЭА аумағын және ортақ пайдаланылатын нысандарды басқару, қызмет көрсету және күтіп-ұстау жөніндегі шарттар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.

Атап айтқанда, шарттарда Азаматтық кодекс нормаларына қайшы келетін ережелер, сондай-ақ басқарушы компанияның қызметтері үшін комиссияны (сыйақыны) есептеу және төлеу тәртібін қолдануда бұзушылықтар болған. Кейбір талаптар заңда көзделген жеңілдіктердің қолданылмауына әкелген. 11 инвестор комиссия төлеу бойынша жеңілдіктерді пайдаланбаған, осыған байланысты артық төленген сома 10 млн теңгеден асқан.

Аталған фактілер бойынша Жетісу облысының прокуратурасы басқарушы компанияның атына  заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсынс енгізді. Оны қарау қорытындысы бойынша қайта есептеу жүргізіліп, артық төленген қаражатты қайтару арқылы инвесторлардың құқықтары қалпына келтірілді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз