Қазақстан қызанақ импортына уақытша шектеу енгізбек
Қазақстанда шетелден әкелінетін жаңа піскен қызанаққа уақытша тыйым салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «24KZ».
Тиісті бұйрық жобасын Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялады.
Құжатқа сәйкес, 1 шілдеге дейін үшінші елдерден жаңа піскен немесе салқындатылған қызанақты автомобиль, теміржол, әуе және өзге де көлік түрлерімен Қазақстан аумағына импорттауға шектеу қойылады.
Алайда бұл талап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден жеткізілетін өнімдерге және Қазақстан арқылы халықаралық транзитпен тасымалданатын жүктерге қолданылмайды.
Министрлік бұл бастама отандық өндірушілерді қолдау және ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесін арттыру мақсатында қолға алынғанын мәлімдеді.
Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 16 маусымға дейін жалғасады.