Цифрлық теңге Қазақстанда үшінші валюта нысаны ретінде бекітілді
Қазақстанда цифрлық теңгені енгізудің нормативтік-құқықтық базасы бекітіліп, оны әрі қарай дамыту жоспары әзірленді. Бұл туралы ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Вице-министрдің айтуынша, цифрлық теңге ұлттық валютаның қолма-қол және қолма-қолсыз түрлерімен қатар жүретін үшінші нысан ретінде ресми бекітілген.
Бүгінде ел үшін маңызды жобалардың бірі – цифрлық теңге. Бұл туралы Мемлекет басшысы да айтқан болатын. Қажетті нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету бекітілді. Ресми түрде цифрлық теңге Қазақстандағы ұлттық валютаның үшінші нысаны болып табылады, – деді Тұрысов Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қазіргі уақытта айналымға шамамен 339 миллиард цифрлық теңге енгізіліп, 20-дан астам пилоттық жоба жүзеге асырылған. Олардың ішінде мемлекеттік сатып алулар, инфрақұрылымдық жобалар, субсидиялау және салықтық әкімшілендіру бағыттары бар.
Сондай-ақ Ұлттық банк пен Үкімет цифрлық теңгені кезең-кезеңімен кеңейту жұмыстарын жалғастыруда. Жобаны масштабтау үшін 8 бюджеттік бағыт айқындалған.
Мамандардың пікірінше, цифрлық теңгені енгізу мемлекеттік қаржының ашықтығын арттырып, оның мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз