Қазақстанда бірыңғай QR-код қашан іске қосылады: Ұлттық банк мәлімдемесі

Фото: depositphotos.com

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда бірыңғай QR-кодтың іске қосылатын күнін жариялады, деп хабарлайды «24KZ».

Тимур Сүлейменов Сенаттың жалпы отырысында мәлімдегендей, келесі айдан бастап қазақстандықтар бірыңғай жүйе арқылы кез келген банктің QR-кодымен төлем жасай алады.

«Биыл 19 шілдеден бастап бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі іске қосылады. Парламенттің қолдауының арқасында осы жылдың 1 мамырынан бастап экономиканың жаңа саласын іске қосу үшін құқықтық негіз жасалды», - деді Ұлттық банк басшысы.

Сәуір айында Сүлейменов бірыңғай QR-кодтың іске қосылуының шамаланған мерзімін айтқан болатын, бірақ нақты күнін көрсетпеген еді.

Еске сала кетейік: өткен жылдың соңында Ұлттық банкте бірыңғай QR-код жүйесі 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңында толық іске қосылады деп жоспарланған болатын.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз