Елдегі бензин, дизель және авиациялық отын қоры 1 млн тоннадан асады

Еліміздің мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете отырып, штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Жалпы бензин, дизель және авиациялық отын қоры 1 млн тоннадан асады, бұл тұтынушылардың қазіргі сұранысын толық өтеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет басшысының қатысуымен өткен жиында энергетика министрі мәлімдеді. Кеңесте Олжас Бектенов шекарадағы бақылауды күшейтіп, жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұмановтың және Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың баяндамалары тыңдалды. Премьер-министр ішкі мұнай өнімдері нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырма берілді.