Түркияда қазақ дақылына сұраныс артты
Түрік нарығында қазақ даласында өсірілетін бұршақ дақылдарына сұраныс артып келеді. Оған кейінгі статистикалық деректер дәлел.
Былтырдың өзінде Түркияға қазақ жасымығының тасымалы екі есе өсіп, 155 млн долларға жетті. Ал арадағы алыс-беріс 5,4 млрд доллар. Агроөнімге сұраныстың артуына не себеп? Түріктер неге қазақ дақылына қызығып отыр?
Кең байтақ қазақ даласы ежелден дәнді және бұршақ дақылдарын өсіруге қолайлы аймақ. Табиғи әрі экологиялық таза жерде өсірілген дәнді дақылдар бүгінде әлемнің ондаған еліне экспортталады. Солардың бірі – бауырлас Түркия. Кейінгі жылдары түрік нарығында қазақ өнімдеріне сұраныс артып келеді.
Сұранысқа сай, Қазақстанның Түркияға экспорт көлемі де ұлғайды. Мәселен, былтыр еліміз Анадолы аймағына 3,9 млрд доллардың өнімін жеткізді. Көрсеткіш алдыңғы жылға қарағанда 17,7 %-ға өскен. Әсіресе, жасымық экспортында қарқын жоғары. Өткен жылы Түркия Қазақстаннан 155 млн доллар көлемінде жасымық тасымалдаса, осы жылдың алғашқы 4 айында көрсеткіш шамамен 16 млн доллар.
Қазақстанның Түркияға экспорты
2025 жылы 17,7% ↑ $ 3,9 млрд
2026 жылдың қаңтар-сәуір айлары 54,8% ↑ $1,7 млрд
Бұршақ дақылдарының экспорты
2025 жылы $ 155 млн
2026 жылдың қаңтар-сәуір айлары $ 15,9 млн
Мұрат Четинкая, Анкара Өнеркәсіп палатасының бас кеңесшісі:
- Жасымық, ноқат және үрме бұршақ сияқты өнімдердің Түркияда тұтыну деңгейі жоғары. Дақыл өндірісі көбіне климаттық жағдайға тәуелді. Кейінгі жылдары Түркияны құрғақшылық жайлап, ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтірді. Тұрақсыздық елімізді ішкі өндірістен бөлек, өнімді шетелден импорттауға мәжбүр етті. Сол себепті Түркия жасымықты Қазақстаннан сатып ала бастады. Ал Қазақстан болса дақыл өндірісін ұлғайтты. Бұл Қазақстанның агросаладағы жоғары әлеуетін аңғартады.
Түркия бұршақ дақылдарын тек ішкі тұтыну үшін ғана емес, үшінші мемлекетке экспорттау мақсатында сатып алады. Сол себепті сенімді әрі тұрақты шикізат ерекше маңызға ие. Бұл тұрғыда Қазақстан Түркияның сұранысын қамтамасыз етіп отырған негізгі серіктеске айналды. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің агросаладағы өндірістік әлеуеті, өнім сапасының халықаралық талапқа сай болуы һәм қолайлы логистикалық бағыт түрік кәсіпкерлерінің қызығушылығын арттырып отыр.
Мұрат Четинкая, Анкара Өнеркәсіп палатасының бас кеңесшісі:
- Қазақстанда өндірілген шикізат Түркияда өңдеуден өткеннен кейін Англия, Германия, Италия, Иран сияқты басқа мемлекеттердің нарығына шығарылады. Сондықтан импортты тек ішкі сұранысты өтеу құралы ретінде емес, азық-түлік өнеркәсібінің шикізатқа деген қажеттілігін қамтамасыз ететін фактор ретінде қарастыру қажет. Бұл тұрғыда Қазақстан Түркия үшін аса маңызды жеткізушілердің бірі. Өйткені Қазақстан кең егістік алқаптарына ие және оның астық пен бұршақ дақылдарын экспорттау әлеуеті жылдан-жылға артып келеді.
Біз қазір Анкарадағы бұршақ дақылдарын өңдейтін кәсіпорындардың біріндеміз. Мұнда өнім, алдымен арнайы қондырғылар арқылы тазартылып, сұрыпталады. Кейін қапталып, Түркияның ішкі нарығына және шетелге жөнелтіледі. Өндіріс орны өкілдерінің айтуынша, Қазақстаннан көбінесе қызыл және жасыл жасымық жеткізіледі. Мысалы, мына менің қолымдағы қызыл жасымық Қазақстанның өнімі. Өндіріс орны жылына шамамен 12 мың тонна бұршақ өнімін импорттаса, оның 4 мыңы Қазақстанның үлесінде.
Әдетте жасыл жасымықты ішкі нарықтан алатын кәсіпорын екі жыл қатарынан өнімді Қазақстаннан сатып алды. Мәселен, былтыр шамамен 200 тонна жасыл жасымық импорттаған. Мамандардың айтуынша, Қазақстан өніміне сұраныстың артуына аймақтағы қуаңшылық себеп. Жергілікті егіс алқаптарында өнім дұрыс шықпай, нарықта баға өскен. Ал Қазақстаннан жеткізілетін бұршақ дақылдары баға мен сапа тұрғысынан тиімді таңдау болып отыр.
Эмрах Доғал, Өндіріс орнының сатып алу менеджері:
- Қазақстандық өнімнің сапасы жақсы. Ешқандай мәселе туындамайды. Біз өңдеген өнімдер асханаларға, әскери мекемелерге және сауда желілеріне жөнелтіледі. Кейін олар 1, 2,5 немесе 5 келілік қаптамаға салынып, сатылымға шығады. Тұтынушылардан шағым түскен емес. Керісінше, өнімнің тез пісетіні және сапасына қатысты жақсы пікірлер жиі айтылады. Жалпы Қазақстаннан келетін тауарларды сапалы деп бағалаймыз.
Осылайша, қазақ даласынан жиналған өнім түрік дастарханына жол тартып отыр. Қазақстан үшін бұл – экспорттық мүмкіндікті кеңейту болса, ал түрік нарығы үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді ресурс. Сондықтан аграрлық саладағы әріптестік алдағы жылдары екі ел байланысының негізгі қозғаушы күшіне айналады, - дейді сарапшылар.
Авторлары: Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков