Халықаралық авто тасымал құны өсті
Жаһанда жыл сайын қыруар өнім өндіріледі.
Бірақ баға сол өнімге жұмсалған шығын мен еңбектің өтеуі ғана емес. Логистика маңызды. Мұны әлем кейінгі жылдары анық ұқты. Сол себепті логистиканы әртараптандыруға көшті. Бұл қалай жүзеге асады? Кім қандай қарекет қылып жатыр?
Бір жылда халықаралық авто тасымал құны 10–20%-ға өскен. Qazaq Expert Club сарапшысы Айнұр Дивеева бұған бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Мәселен, авто тасымалдаушылардың жанармай, қосалқы бөлшектер, техникалық қызмет көрсету және жүргізушілердің еңбекақысын көтеру бойынша шығыны көбейген. Бұған көлік тапшылығын қосыңыз. Өйткені қазір біздің елде де, шетелдерде де тасымалға сұраныс артып жатыр. «Ұсыныс орынды болу үшін компаниялар логистика құнын өсіруге мәжбүр. Оның үстіне бұл салада шекарадағы кідірістер де маңызды рөл атқарады. Яғни әрбір күн қосымша шығынға әкеледі», - дейді сарапшы.
Айнұр Дивеева, QAZAQ EXPERT CLUB сарапшысы:
- Қазақстанның бір ерекшелігі – үлкен қашықтықтар және теңізге тікелей шығатын жолдың болмауы. Бұл логистиканы өңірдегі көптеген елдермен салыстырғанда қымбат етеді.
ЛОГИСТИКАНЫ ЦИФРЛАНДЫРУ МАҢЫЗДЫ
Биыл Транскаспий халықаралық көлік дәлізі, Кавказ арқылы өтетін кейбір бағыттар және оңтүстік маршруттармен жеткізілетін тауар құны өседі. Ал әрбір қосымша тиеу тасымал құнын арттыратынын айтады. Дегенмен, сарапшылар мемлекет пен нарық шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту, кедендік рәсімдерді цифрландыру, кідіріс уақытын қысқарту және көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру арқылы бұл үдерісті баяулата алады дейді. Себебі жүктің ел ішінде және шекаралар арқылы қаншалықты жылдам әрі тиімді қозғалатыны баға деңгейіне, отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне және экономиканың экспорттық әлеуетіне тікелей әсер етеді. Осы себепті елде биылдан қалмай көлік-логистикалық тізбекті басқаруды жеңілдететін бірыңғай цифрлық деректер базасы құрылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Миниястрі:
- Әлемнің көптеген ел, соның ішінде Қытай, Жапония, Еуропалық Одақ көлік саласында цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Олар пойыздардың қозғалыс кестесін оңтайландыруға, бос тұрып қалу уақытын қысқартуға, өткізу қабілетін және желіні күтіп-ұстау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін бүкіл көлік-логистикалық тізбекті нақты уақыт режимінде басқаруды жеңілдететін «деректер көлін» құру шараларын қабылдауы қажет.
ЖЕРГІЛІКТІ ОТЫН ӨНДІРІСІ ЛОГИСТИКАҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Елде жыл сайын авиаотын өндірісі артып келеді. Өткен айда ғана 96 мың тонна өндірілді. Бұл былтырғы мамырмен салыстырғанда 49 пайыз көп. Мамандар Шымкент мұнай өңдеу зауытында жөндеудің аяқталуы көрсеткішке ықпал еткенін айтады. Жарты жылда елде 350 мың тоннаға жуық авиаотын өндірілді. Ал Ресейден келетін импорт 120 мың тоннадан асқан. Сарапшылар отын құны авиакомпания шығындарының 30 пайызына тең дейді. Яғни жергілікті өндірісті арттыру логистика құнына тікелей әсер етеді.
Бізде әуе бағыттарын, теңіз логистикасын және теміржол тасымалын қатар дамытуға мүмкіндік мол. Бұл ең алдымен жеткізу уақытын азайтуға сеп дейді мамандар. Шығындарды көтеруге де дайын болу маңызды.
Автор: Мерей Мұратханқызы