Итальяндық бренд киім-кешек Қазақстанда тігіледі
Елімізде итальяндық бренд киім шығарылады.
Бүгін қос мемлекет кәсіпкерлері қатысқан инвестициялық форумда тиісті келіссөздер жүргізілді. Алдағы уақытта еуропалық бизнесмендер елімізде репакинг қызметтерін ашып, дайын өнімдерді экспорттамақ. Отандық дизайнерлер үшін де жақсы жаңалық бар. Олар итальяндық әріптестерімен ынтымақтасып, өз өнімдерін шетелдік нарыққа шығаруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ кездесуде арнайы өнеркәсіптік хаб ашу мәселесі талқыланды. Бұл хабтың арқасында Қазақстан Еуропа, Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауда платформасына айналады. Айта кетерлігі, инвестициялық формуға 57 итальяндық компания өкілі қатысты. Еліміздің олармен жылдық сауда айналымы 1 млрд еуродан асып отыр.
Алма Тұрсынхан, Италия-Қазақстан сауда өнеркәсіп палатасының өкілі:
- Біз Казтрэйд компаниясымен бұл бағыттағы жұмысты алдын ала бастап кеттік. Қазір итальяндық бренд компаниялармен бірлескен өндіріс ашуға дайын кәсіпкерлерді іздеп жатырмыз. Бұл әріптестікті жеке және мемлекеттік индустриалды аймақтар арқылы орнатуға болады.
Қазақстан мен Италия АӨК саласында ынтымақтастық орнатады
Жиынға "Бәйтерек" холдингінің өкілдері де қатысты. Олар шетелдік бизнесмендермен агроөнеркәсіп, шағын және орта бизнес, азық-түлік өндірісі саласында өзара ынтымақтастық орнатуды көздеп отыр. Қазақстандық кәсіпкерлерге қажетті қаржылай қолдау көрсетуге дайын.
Сәкен Олжабаев, "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" АҚ Басқарушы директоры:
- Қазақстан даму банкі ірі жобаларды 7 млрд-тан астам сомасы қолдай алады. Егер шағын және орта бизнесті айта кетсек, Даму қорымыз бар, сол арқылы қолдай аламыз. Одан басқа 7 млрд-қа дейін бізде Өнеркәсіпті дамыту қоры бар. Сол институт арқылы қолдай аламыз. Негізі жалпы бізде кіші жобадан ірі жобаға дейін бүкіл қолдау құралдары бар.