Бішкек Қазақстаннан жанармай сұрап отыр

Фото: depositphotos.com

Қырғыз билігі Қазақстан мен тағы бірнеше елден жанармай сұрады, деп хабарлайды «24KZ». 

Көрші ел мұнай өнімдерінің шамамен 90-95%-ын Ресейден импорттап отыр. Алайда федерация аумағының өзінде бензин тапшы. Сондықтан Бішкек басқа да жолдарын қарастыруға көшті.

«Отын тапшылығын болдырмас үшін Ресей, Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстан үкіметтеріне ресми өтініш жолданды. Жанармай сатып алу көздерін көбейту, халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту бойынша келіссөз жүріп жатыр», – деп хабарлайды Қырғызстан энергетика министрлігі.

Бұған қоса, қырғыз үкіметі елдің Шу облысындағы мұнай өндеу зауытына бензин өндіруді ұлғайтуды тапсырып, жанармай қорына, баға мен логистикаға бақылауды күшейтті.

Үкімет қолға алған шараларға қарамастан, Қырғызстандағы жанармай құю бекеттерінде АИ-95 және АИ-98 бензиндері тапшы екені байқалды. Соған байланысты Бішкек отын тасумен айналысатын компанияларға субсидия бөліп жатыр.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз