Қазақстан мен Қырғызстан экономикалық ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан мен Қырғызстан өзара сауда көлемін арттырып, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл мәселе Бішкекте өткен екінші өңіраралық ынтымақтастық форумы мен қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің 14-ші отырысында талқыланды. Алқалы жиынға Қырғызстанға ресми сапармен барған Премьер-министр Олжас Бектенов қатысты.

Бішкекте өткен екінші өңіраралық форум Қазақстан мен Қырғызстан облыстары және қалаларының басшыларын жинады. Басқосудың мақсаты – екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтып, тауар мен қызмет түрлерін көрші мемлекеттердің нарығына шығару. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 32,6 пайызға өсіп, 2,4 млрд долларға жетті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен біз жүйелі түрде барлық елдермен сындарлы серіктестікке негізделген әділетті әрі озық Қазақстанды құрып келеміз. Бұл ұстаным экономиканы нығайтуға, инвестиция тартуға, халықаралық ынтымақтастықты арттыруға және бизнеске қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біз бауырлас Қырғызстанмен одақтастық қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға ерекше мән береміз.

Форум аясында өңіраралық, мекемеаралық және іскерлік ынтымақтастыққа қатысты 14 құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Түркістан мен Жалал-Абад облысындағы Манас қалалары бауырластық байланыс орнатуға келісті. Екі елдің денсаулық сақтау министрліктері дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтарды сатып алуда серіктестік орнатпақ. Сондай-ақ консервіленген өнімдер мен Қазақстанда шығарылған коммерциялық және арнайы техниканы Қырғызстан нарығына жеткізу көзделіп отыр.

Адылбек Қасымәлиев, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент әкімшілігінің басшысы:

– Мемлекет басшылары өзара сауда көлемін 2030 жылға дейін 3 миллиард долларға дейін жеткізу керек деді. Осы тұрғыда екінші өңіраралық форумның маңызы зор. Бұл алаң екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етеді.

Екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері Қазақстан мен Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 14-ші отырысында да жан-жақты талқыланды. Онда ауыл шаруашылығы саласындағы өзара сауда 42 пайызға жуық өсіп, 500 миллион долларға жетіп, теміржол және автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі де артқаны атап өтілді. Сондай-ақ екі ел арасындағы тұрақты әуе рейстерінің саны аптасына 19-ға жетті. Ал өзара туристік ағын 4 млн адамнан асты. Кездесуде тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі келісімдерді жүзеге асыруға дайын екенін растап, тиісті хаттама қабылдады.

Авторы: Бақыт Чермашев

Сондай-ақ оқыңыз: