Қазақстанда 4 жаңа су қоймасы салынып, 7 нысан жаңғыртылады

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда Ислам даму банкінің қолдауымен 4 жаңа су қоймасы салынып, қолданыстағы 7 су қоймасы реконструкцияланады, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл мәселе Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассердің кездесуінде талқыланды.

Тараптар халықаралық қаржы ұйымының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының алғашқы кезеңінің орындалу барысын қарады. Министрліктің мәліметінше, жоба бойынша ұйымдастыру жұмыстары аяқталып, халықаралық консультанттар анықталған. Сондай-ақ ирригация каналдарын жаңғыртуға бағытталған 88 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталған.

Бұдан бөлек, жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағы нысандарды реконструкциялау жұмыстарын жүргізетін мердігерлерді іріктеу жалғасып жатыр.

Жалпы Ислам даму банкімен жасалған келісім аясында 4 жаңа су қоймасын салу, 7 су қоймасын реконструкциялау және жалпы ұзындығы 2,8 мың шақырым ирригация каналдарын жаңғырту мен күрделі жөндеу бойынша 151 жобаны іске асыру жоспарланған.

«Министрлік пен Ислам даму банкі арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың арқасында қысқа мерзімде ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысы мен Үкімет жүктеген міндеттерді бірлескен күш-жігердің арқасында толық жүзеге асырамыз деп сенемін», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз