Жамбыл облысында 41 инвестордың құқығы қорғалды
Жамбыл облысында жыл басынан бері 41 инвестордың жұмысына заңсыз кедергі келтірілген.
Оның 17-сі Тараз қаласында, қалғаны облыс аудандарында болған. Мәселен, уәкілетті органдар құны 14 миллиард теңгелік қант зауытын жөндеп жатқан инвесторға кәсіпорынға қажетсіз электр жабдықтарын сатып алуды талап еткен. Ал тағы бір жағдайда жергілікті атқарушы орган ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын құны 3 миллиард теңгелік зауыт салуды жоспарлаған кәсіпкерге жер телімін беруден заңсыз бас тартқан. Сонымен қатар Мойынқұм ауданында құны 765 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаға бөлінген жер учаскесін белгіленген мерзімде тіркелмегені анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін барлық заң бұзушылықтар жойылып, инвесторлардың құқықтары қалпына келтірілді.
Нұрсұлтан Хусаинов, Мойынқұм ауданы прокурорының орынбасары:
- Анықталғандай, инвесторға нысан құрылысын жүргізу үшін 1693 гектар жер учаскесі берілген. Алайда уәкілетті органның әкім қаулысын мемлекеттік тіркеуді созбалаңға салуына байланысты жобаны іске асыруға қауіп төнген. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде заң бұзушылықтар жойылып, қаулы белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткізілді.