Салық форумында жаңа талаптар бойынша жұмыс істеу тәртібі талқыланды
Салықтық тексерулерге дайындық, сот тәжірибесі және жаңа талаптар бойынша жұмыс істеу тәртібі.
Бұл мәселелер Алматыда өткен Салық форумында талқыланды. Сарапшылар кәсіпкерлерге, бухгалтерлерге, заңгерлер мен компания басшыларына жаңа Салық кодексінің іс жүзінде қалай қолдану керектігін түсіндірді. Форумда өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен жұмыс істеу ерекшеліктері, шетел компанияларына қатысты өзгерістер, бизнестің мүддесін қорғау кеңінен талқыланды. Оған қоса онлайн платформадағы тауар есебін жүргізу ерекшеліктері сөз болды. Жиын барысында бизнес пен мемлекеттік орган өкілдері пікір алмасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосулар заңнамадағы жаңа талаптарды дұрыс түсініп, жұмыс барысында қателікке жол бермеуге көмектеседі.
Максим Барышев, салық саласының сарапшысы:
- Ең бастысы, салық есебін уақытында әрі дұрыс тапсыру керек. Сондай-ақ салықты дер кезінде төлеу қажет. Бұдан бөлек мәміле жасамас бұрын серіктестеріңізді тексеру маңызды. Олар салық төлеп жүр ме? Есебін уақытында өткізіп жүр ме? Соны алдын ала анықтап алған жөн. Бұл мәліметтердің барлығын түрлі сервистен, соның ішінде салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы көруге болады.