Қазақстанда жанармай тапшылығы болуы мүмкін бе: Энергетика министрлігі жауап берді

Фото: depositphotos.com

Қазақстан Ресейден бензин сатып алмайды және жақын арада жанармай тапшылығы болмайды, деп хабарлайды «24KZ».

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Қазақстанның Ресейге гуманитарлық көмек жіберуі жөніндегі дақпыртқа пікір білдірді.

Үкіметте өткен брифингте тілшілер «Қазақстан Ресейге гуманитарлық көмек ретінде 50 мың тонна бензин жібереді» деген ақпараттың рас-өтірігін сұрады. Сондай-ақ Ресейдегі жанармай дағдарысының Қазақстанға ықпалы қандай болатыны қызықтырып отыр.

Тағы да қайталап айтқым келеді: Ресей Федерациясынан Энергетика министрлігіне қандай да бір гуманитарлық көмек көрсету жөнінде ресми өтініш түскен жоқ. Өзіңіз де айтып отырғандай, 50 мың тонна — Ресей үшін өте аз көлем. Бұл ақпарат, шамасы, блогерлер арасында тараған. Оның қайдан шыққанын білмеймін, сондықтан бұл мәліметті растамаймын, — деді Қ. Тұтқышбаев.

Оның айтуынша, Қазақстан Ресейден бензин сатып алмайды. Бұл да шындыққа жанаспайды.

Иә, біз авиациялық керосин мен дизель отынын импорттаймыз, бірақ бензин импорттамаймыз. Еліміздегі бензин өндірісі ішкі сұранысты толық қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда қажетті жанармай қоры қалыптасқан, отын теңгерімі сақталған. Сондықтан қандай да бір тапшылық болады деп күтпейміз. Блогерлер мен жекелеген сарапшылардың пікіріне түсініктеме бермеймін. Біздің ресми ұстанымымыз — осы, — деді вице-министр.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз