Жаңа Салық кодексіне 45 өзгеріс енгізілді
Цифрлық актив операцияларынан түскен кіріске жеке табыс салығы салынбайды.
Жаңа Салық кодексіне 45 өзгеріс енгізілді. Олар Мемлекет басшысының тапсырмалары, Үкімет қаулылары және салалық жұмыс топтарының ұсыныстары негізінде әзірленген. Негізгі жаңашылдықтардың бірі цифрлық активтердің заңды айналымын ынталандыру. Құжатқа сәйкес, жеке тұлғалар биылғы жылдың 1 қаңтарынан 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін қазақстандық провайдерлер арқылы жасалған цифрлық актив операцияларынан түскен кіріс бойынша жеке табыс салығынан босатылады. Сонымен қатар инвестициялық басым келісім-шарттар жасау тетігін қайта енгізу және инвесторлардың инфрақұрылымға жұмсаған шығынын корпоративтік табыс салығы бойынша шегеру ұсынылды. Бұдан бөлек салықтық әкімшілендіруді цифрландыруға және рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған түзетулер енгізілді. Бірқатар бастама заң жобасы Құрылтайдың қарауына енгізілгенге дейін бизнес-қоғамдастықпен қосымша талқыланатын болады.