Абай облысында құрғақ порт пен логистикалық орталық құрылысы басталды

Абай облысы Мақаншы ауданында мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парктің құрылысы басталды.

Жобаның іргетасын қалау рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «Port Baqty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Қайрат Итемгенов қатысты. Мамандардың айтуынша, жаңа логистикалық торап Қазақстан мен Қытай шекарасындағы жүк өткізу мүмкіндігін, жылына қосымша 20-25 миллион тоннаға дейін арттырып, қолданыстағы өткелдердегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Терминалдың жобалық қуаты жылына бір миллион контейнер. Ал 2032 жылға дейін жыл сайын 700 мың контейнерге дейін өңдеу жоспарланған. Жобаның алғашқы кезеңінде 210 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, 200 жаңа жұмыс орыны ашылады. Құрылыс жұмыстары жеке инвесторлардың қаржысы есебінен жүзеге асады.

Кешен аумағында контейнерлік және астық терминалдары, қойма кешендері, кедендік және логистикалық инфрақұрылым, автокөлік терминалы мен сервистік нысандар бой көтереді. Сондай-ақ жалпы аумағы 50 мың шаршы метрге дейін жететін бондтық қоймалар салу көзделген. Құрылыс кезінде 800-ден 1200 адамға дейін жұмыспен қамтылады. Ал терминал толық іске қосылған соң 500-ден 1000-ға дейін тұрақты жұмыс орны ашылады.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі жетекші транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуді және еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруды стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Бақтыдағы бұл жоба аталған міндеттерді іске асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Бұдан бөлек сервистік қызмет көрсету саласының дамуы нәтижесінде ауданда тағы 1500-ден 2000-ға дейін жаңа жұмыс орны пайда болады. Бақты мультимодальды құрғақ порты Достық пен Қорғас өткелдерінен кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелі болады. Жаңа логистикалық торап екі ел арасындағы жүк өткізу мүмкіндігін жылына қосымша 20–25 миллион тоннаға арттырып, қазіргі өткелдердегі жүктемені едәуір жеңілдетеді.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков