СҚО-да сүт өндірісінің көлемі артты

Солтүстік Қазақстан облысында сүт өндіру көлемі жыл сайын артып келеді. Соңғы үш жылда шамамен 30 пайызға өскен. Кәсіпкерлер өндірісті өркендетіп, ауылдардың дамуына үлес қосып отыр.

Қызметкерлерге үй салып, жолдарды жөндеп, инфрақұрылымды жаңартуда.

Қазір шаруалар орақ науқанына дайындалып, техникаларын сайлап жатыр. Бригадир Николай Стасюк әр техниканың дайындығын тексеріп жүр. Бес жыл бұрын отбасымен Урожайный ауылынан Будённый ауылына көшіп келген. Мұнда оған жұмыс ұсынылып, барлық жағдай жасалды.

Николай Стасюк, Егіншілер бригадасының бригадирі:

- Жалақым көңілден шығады. Егіннің жайы жаман емес. Мол өнім алуға негіз бар. Орақ науқанына 20 күннен кейін кірісеміз. Негізгі міндет - астықты ысырапсыз жинап алу.

Жер-ананың жемісін теріп жүрген Николай Стасюк кеңседегі қызметті армандамайды. Айтуынша, қазір жастарға көп қолдау көрсету маңызды. Жұмыс берумен шектелмей, қолайлы жағдай жасалса, - дейді ол. Қазір ауылда қызметкерлер үшін үйлер салынып, жолдар жөнделіп жатыр. Кәсіпорында егін шаруашылығынан бөлек мал шаруашылығы да өркендеп келеді. Жуырда құны шамамен 10 миллиард теңге болатын ірі сүт фермасы іске қосылды.

Марат Батақанов, Агроқұрылым директорының орынбасары:

- Ферма 1200 сауынды сиырға есептелген. Қазір мұнда Германиядан әкелінген голштин-фриз тұқымды 654 бас ірі қара бар. Бұл тұқым сүттілігімен ерекшеленеді. Қазір 331 сиыр сауып отырмыз. Бір сауын кезінде 11 тоннаға жуық сүт аламыз. Білікті мамандарды жұмысқа тартуда қиындық жоқ. Оларға баспана беріп, лайық жалақы төлейміз. Орташа айлық шамамен 350 мың теңге.

Солтүстік Қазақстан облысында 118 сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Оның 50-і заманауи технологиямен жабдықталған. Былтыр сегіз жаңа сүт фермасы іске қосылған. Биыл тағы төртеуі ашылмақ.

Талғат Наурызбаев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Соңғы үш жылда 40 миллиард теңгеге 32 сүт фермасын салдық. Осы уақыт ішінде сүт өндірісін дамыту үшін 9 мыңнан астам мал әкелдік.

Өңірде жыл басында мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Оның аясында «Береке» және «Игілік» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағытқа 15 миллиард теңге бөлінген. Қазірдің өзінде шетелден 4,5 мыңға жуық асыл тұқымды мал әкелуге келісімшарттар жасалды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков, Төлеген Иманов