2029 жылға қарай коммуналдық желілердің тозуы 40%-ға дейін азаяды

Фото: UKIMET

Қазақстанда 2029 жылға қарай коммуналдық және энергетикалық желілердің тозуын орта есеппен 40%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

 2025-2029 жылдары инвестициялардың жалпы көлемі 13 трлн теңгені, оның ішінде коммуналдық секторға – 6,8 трлн теңгені және энергетика секторына – 6,2 трлн теңгені құрайды. Бұл қаражат 84 мың шақырым желіні жөндеуді және жаңғыртуды, 7 309 мегаватт қуатты іске қосуды, 27 энергия өндіру нысанын салуды және реконструкциялауды қамтамасыз етеді. Нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозуы ел бойынша орташа есеппен 40%-ға дейін қысқарады деп күтілуде. Нысандардағы апаттылық деңгейі 25%-ға дейін қысқарады, — деді Асан Дарбаев.

Айта кетейік, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған. Бағдарлама жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы табиғи монополиялардың 247 субъектісін қамтиды. Сонымен қатар 2029 жылға дейін тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақтағы 70 коммуналдық кәсіпорынды осы санаттан шығару жоспарланған.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз