1200 тұрақты жұмыс орны: Балқашта жаңа мыс қорыту зауыты салынады
2027 жылы Балқаш қаласында құны 750 миллиард теңге болатын жаңа мыс қорыту зауытының құрылысы басталады, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстан Республикасының Үкіметі өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС арасындағы мыс қорыту зауытын салу жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімді мақұлдады.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпорынның құрылысы 2027 жылы басталып, 2030 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы.
Жоба 1,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді. Кәсіпорын іске қосылған кезде қызметкерлердің 90%-ы, басшылық лауазымдарды қоса алғанда, қазақстандық мамандар болады, алдағы бес жыл ішінде олардың үлесі 95%-ға дейін артады. Сондай-ақ инвестор Қарағанды облысының оқу орындарында 50 студентті даярлау бойынша міндеттемелер алады, — делінген хабарламада.
Жаңа қуаттарды іске қосу ел ішінде мыс шикізатын қайта өңдеу көлемін бір жарым есеге арттырып, жылына 800 мың тоннадан астам көлемге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қосылған құны жоғары өнімнің экспорты жылына 460 мың тоннадан 760 мың тоннаға дейін өседі. Сонымен қатар өндіріс заманауи технологиялармен және цифрлық шешімдермен жабдықталады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз