Ыстықкөлден ұшатын қазақстандықтарға маңызды ескерту жасалды

Фото: depositphotos.com

Жақын күндері Ыстықкөлдегі Тамшы әуежайынан ұшуды жоспарлап отырған қазақстандықтарға әуежайға алдын ала шығу ұсынылды, деп хабарлайды «24KZ».

FlyArystan ақпаратынша, 30 шілде мен 2 тамыз аралығында Ыстықкөл аумағында көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. Бұл халықаралық спорттық іс-шараның өткізілуіне байланысты.

«30 шілде мен 2 тамыз аралығында Ыстықкөлде халықаралық спорттық іс-шараның өтуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеулер қойылады. Шектеулер, соның ішінде, Шолпан-Ата – Тамшы әуежайы бағытына да әсер етеді», - деп хабарлады тасымалдаушы.

Жолаушыларға терминалға дейінгі жолға көбірек уақыт арнап, соңғы сәтте шықпауға кеңес берілді.

«Осыған байланысты жол жағдайындағы ықтимал өзгерістерді ескеріп, әуежайға алдын ала шығуыңызды сұраймыз. Ұшу алдындағы барлық процедурадан уақытылы өту үшін әуежайға ұшуға дейін кемінде 3 сағат бұрын келуді ұсынамыз», - делінген әуе компания хабарламасында.

Бұл ұсыныс тек рейске тіркелу, жүкті тапсыру және ұшу алдындағы бақылаудан өтуге қажетті уақытқа ғана қатысты емес. Қосымша уақыт қоры уақытша шектеулерге байланысты әуежайға баратын жолдағы қозғалыс әдеттегіден баяу болған жағдайда ұшақтан кешігіп қалу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз