Банктегі ақшамыз қаншалықты қауіпсіз? Депозиттерге қатысты жаңа деректер жарияланды

depositphotos.com

Қазақстандықтардың банктердегі жинағы 30 триллион теңгеден асып, рекорд орнатты. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында халықтың банктердегі ақшасы 7%-ға көбейген. Оның ішінде теңгемен сақталған ақша 9,5%-ға өссе, шетел валютасындағы жинақтар 3,4%-ға азайған.

Тұрғындар көбінесе ақшасын қайта толықтырып отыруға болатын мерзімді және жинақ салымдарына жиі салады екен. Сонымен қатар балалардың білім ақысына немесе баспанаға жинайтын арнайы депозиттері де 12%-ға көбейген.

 

Халықтың ақшасын қорғайтын арнайы қордың жағдайы тұрақты. Бүгінде қорда банктердің жарнасы мен инвестициядан түскен табыс есебінен жиналған 1,73 триллион теңге резерв бар. Бұл заң талаптарынан да артық (талап бойынша кемінде 5% болуы керек, ал қазір бұл көрсеткіш 5,8%-ға жетті). Бұл жүйе толығымен өздігінен жұмыс істейді және мемлекеттік бюджетке тәуелді емес.