Каспийдің түбімен кабель тартылып жатыр
Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр. Бұл кабель Әзербайжан мен Қазақстанды жалғайды. Жоба негізінде ең ауқымды деректердің өзін жылдам жеткізуге мүмкіндік туады.
Еуропа мен Азия арасында цифрлық байланыс нығаяды. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартыла бастады. Жобаны Қазақстан мен Әзербайжан компаниялары бірлесіп, жүзеге асырып жатыр. Желінің жалпы ұзындығы 380 шақырым шамасында. Ол Ақтау мен Сумгаиыт қалаларын жалғайды. Сабақты ине сәтімен. Жоба аяқталған соң, өткізу қабілеті секундына 400 терабит болады. Яғни, ауқымды деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізуге мүмкіндік туады.
Азамат Серіктаев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басқарма басшысы:
- Жобаның басты мақсаты – Еуропа мен Азияның арасындағы транзит трафигіне Қазақстанның үлесін арттыру. Яғни, қазіргі таңда бұл үлестің көрсеткіші 1,5 пайызды құраса, бұл жоба аяқталғаннан кейін Еуропа мен Азия арасындағы транзиттің 5 немесе одан да көп үлесі Қазақстанға тиесілі болады. Бұл жобаның басқа да мақсаттары бар. Елімізге әлімдік ірі компанияларды тарту болып табылады және еліміздің экономикасына жанама әсерін тигізеді бұл жоба.
Жоба биыл аяқталады
Жобаның бастапқы кезеңінде тиісті зерттеу жүргізіліп, якорь тұрақтары мен әскери оқу-жаттығу аймақтарын айналып өтетін оңтайлы бағыт анықталған. Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан экологиялық рұқсат алынды. Сонымен қатар Қытайда арнайы кабель өндіріліп, зауыттық тестілеуден сәтті өткізілді. Кейін Құрық порты арқылы оптикалық кабель арнайы логистикалық кемеге тиеліп, Бакуге жеткізілді. Ал жобагың негізгі кезеңі үшін су сыйымдылығы 20 мың тоннадан асатын ең қуатты кабель төсеуші кеме тартылған. Бүгінгі таңда аталған су көлігі Баку портынан шығып, Ақтау портына қарай байланыс желісін төсеп жатыр. Бортта 70 маман жұмыс істеп жүр. Егер ауа райы қолайлы болса, теңіз түбіне кабель төсеу жұмыстары шамамен 2 аптада аяқталады. Ал байланыс желісі толығымен осы жылдың соңына дейін іске қосылуға тиіс.
Азамат Серіктаев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басқарма басшысы:
- Жобаның белсенді кезеңі 2025 жылы басталды десе болады. Қазіргі таңда жобаға қажетті толық құрылғылар мен материалдар дайын. Кабель және басқа да материалдар толығымен Әзербайжан территориясына жеткізілді. Қазіргі таңда осы кабельді салатын теңіз кемесі Әзербайжан жерінен бастап, теңіз түбі арқылы Қазақстан жеріне дейін келе жатыр.
Автожолдар байланыс желісімен қамтылады
Сонымен қатар елдегі барлық автожолдың бойында мобильді байланыс қолжетімді болады. Биыл республикалық, ал келесі жылы облыстық маңызға ие трассаларды қамту жоспарланып отыр.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен отандық ірі телекоммуникациялық компания арасында келісім жасалды. Соның негізінде 40 мың шақырымнан астам автожолдың бойына 500-ден астам антенна мен станса салынады. Бұл жолаушылардың кез келген жерде шұғыл қоңырау шалуына және интернетті қолдануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар көлік ағынын интеллектуалды басқару жүйесі мен жолдың жай-күйін тексеру технологиясын енгізуге ықпал етеді. Министрліктің мәліметіне қарағанда, жобаға мемлекет тарапынан қаражат жұмсалмайды. Тиісті жұмыстарды компания өз есебінен жүзеге асырғалы отыр.
Пойызда интернет қолжетімді бола бастады
Пойыз жолаушыларына да интернет қолжетімді бола бастады. Бүгінде Қызылорда – Павлодар, Жезқазған – Астана, Астана – Семей, Алматы – Достық және Қызылорда – Көкшетау бағыттарындағы пойыздар интернет орнатылған. Ал жыл соңына дейін өзге бағыттарды да қамту көзделіп отыр.