Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 7 млрд долларға жетті
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені (АӨК) өнімдерінің экспорты 2025 жылдың қорытындысы бойынша 37%-ға өсіп, 7 млрд долларға жетті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Оның айтуынша, өндіріс көлемінің артуы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің дамуы экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда экспорт көлемінің жартысынан астамын өңделген өнімдер құрайды.
Астық экспорты да айтарлықтай артқан. 2024/2025 маркетингтік жылында астық пен ұн жеткізілімі астық баламасында рекордтық 15,3 млн тоннаға жетті.
Азат Сұлтановтың сөзінше, экспортты қолдау шараларының нәтижесінде отандық өнімдер Марокко, Алжир, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және бірқатар Еуропа елдерінің нарықтарына жол тартқан. Сонымен қатар Әзербайжан, Грузия және Түркия бағыттарына жеткізілімдер қайта жанданды. 2025 жылы күнбағыс майының экспорты 41%-ға, ал тазартылған май экспорты 2,1 есеге өскен.