Майнерлер ұлттық крипторезервті толтырады
Ірі майнерлер өндірген криптовалютаның 10 пайызы ұлттық крипто-резервке өтеді. Иә, еліміз цифрлық активтер қорын жасақтай бастады. Тиісті талап 1 тамызда күшіне енді. Ал майнерлерге қандай жеңілдік қарастырылған?
Елде ұлттық стратегиялық крипторезерв жасақталады. 1 тамызда күшіне енген Үкімет қаулысына сәйкес, ірі майнерлер өндірілген криптовалютаның 10 пайызын осында аударып отыруға тиіс. Есесіне 10 жыл бойы электр қуатын жеңілдетілген тарифпен алуға құқылы. Жобаға қажетті энергияны Екібастұз станциясы бөледі, ал квотаның жалпы көлемі 300 МВт-тан аспайды.
Әлбетте тиісті келісім 150 МВт-тан кем емес жеке дата-орталығы бар, заңды тіркелген ірі өндірушілермен ғана жасалады. Криптовалюта өндірушілер негізгі коммерциялық қызметін жалғастыра береді. Бірақ жеңілдікпен және нарық бағасымен өндірілген өнімді қатаң түрде ажырату бойынша есеп жүргізуге міндетті. Ал резервке өтетін криптовалюта «Астана Хаб»-тың арнайы әмиянына аударылады. Жиналған цифрлық активтер Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясының сенімгерлік басқаруына өтеді.
Мамандардың айтуынша, Ұлттық стратегиялық крипторезерв қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, резервтерді әртараптандыруға мүмкіндік береді. Осылайша елдің алтын-валюта қоры инфляцияға төзімді, шектеулі эмиссиясы бар жоғары технологиялық цифрлық активтермен толығады.
Аударымдарды есептеу формуласы майнердің электр энергиясына жұмсаған шығындарын ескереді. Өндірілген криптоның жалпы көлемінен тұтынылған энергияның құны шегеріледі, ал қалған сомадан 10 % алынады
Елде 78 биткоин өндіруші компания бар
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ақ майнерлердің 2023 жылдан бері 7,2 мың биткоин өндіргенін жеткізді.
Бюджетке 35 млрд теңге салық түскен. Әйтсе де, криптовалюта өндірісі қарқынды емес. 2024 жылғы көрсеткіш 3,5 мыңға жуықтаса, былтыр 2,3 мыңға жетті. Биылғы жарты жылда 520 биткоин өндірілді. Мамандар: «Жаңа жеңілдетілген тариф ақ майнерлердің жұмысын жетілдіреді», - деп сенеді. Қазір елде 78 компания тіркелген, оның жартысында жеке дата-орталығы жоқ. Energyprom сарапшылар: «Майнерлердің көбі Алматы мен Астанада шоғырланған», - дейді. Қалғаны өңірлерден орын тапты. 43 компания өндіру жабдықтарын өзге ұйымдарға орналастырып, жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері ресми тіркелген майнерлер 15,5 млрд теңге табыс көрді.
Криптовалютамен QR-код арқылы төлем жасауға болады
Бұдан бөлек, елде QR-код арқылы криптовалютамен төлем жасауға болады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов хабарлады. Жаңа тетік бірыңғай интеграцияланған жүйе аясында енгізілмек. Ол Ұлттық банктің ұлттық төлем платформасы негізінде жасақталған әрі цифрлық активтерді еліміздің дәстүрлі банк инфрақұрылымымен байланыстырады. Бұл үшін сізде криптоәмиян болуы керек. Елде нақты қанша әмиян тіркелгені ресми жарияланбайды.
Цифрлық теңге кең қолданысқа енді
Криптовалюта ғана емес, 19 шілдеде цифрлық теңге ресми қолданысқа енді. Бұған дейін 1,5 жыл көлемінде жан-жақты сыналды. Жол құрылысы және инфрақұрылымдық жобалар да біртіндеп цифрлық теңгеге көшіріліп жатыр. «Бұл тәсіл бөлінген ақшаның мақсатты жұмсалуын бақылауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Ал қарапайым халық арасында сұраныс аз. Цифрлық теңгемен жұмыс істейтін банктер бизнеске қызмет көрсетуге басымдық беріп отыр. Яғни мемлекеттік сатып алуға қатысатын немесе субсидия алатын кәсіп иелеріне есепшот цифрлық теңгемен жасалады.
Бинұр Жәленов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары.
- Біз қаржы министрлігімен арнайы жол картасына қол қойдық. Қазірге дейін айналымға 340 млрд теңге шығарылды. Алдағы бір жылда көрсеткіш 1 трлн теңгеге жетеді. Ол мемлекеттік шығындарды бақылап отыру үшін, мемлекеттік сатып алуларда, жеңілдетілген несие беру, бюджеттен тыс қорлар арқылы дәрі-дәрмек алуда қолданылады. Барлық жерде біз ақшаның қалай жұмсалғанын көреміз.
Қаржылық бақылаудан бөлек, кәсіпті қолдау тетіктері де цифрлық формақта көшіріледі. Елде бизнестің цифрлық картасы пайда болады. Ол мемлекет, бизнес және қолдау шараларының операторлары үшін бірыңғай экожүйеге айналады. Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабековтың айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді қысқартуға мүмкіндік береді. Қазір елде 150 мемлекеттік қолдау шарасы бекітілген. Оның 63-і ғана электронды форматта көрсетіледі. Мәселені түбегейлі шешу үшін мемлекеттік қолдауға алдын ала реинжиниринг жасалады. Алдымен «Байтерек» ұлттық инвестициялық холдингі ұсынатын мемлекеттік қолдау шаралары таңдалды.