Елдегі бюджет «боялған» теңгемен бақыланады
Бюджет бояумен бақыланады. Дәл қазір айналымда 340 млрд теңгеден аса цифрлық теңге жүр. Олар арнайы белгімен боялған. Осылайша, билік қаражаттың жұмсалған әр тиынын қадағалап отырады.
Бұл қаржы Ұлттық Банктің цифрлық жүйесінде сақталады. Жауаптылардың айтуынша, мұның көмегімен есеп айырысу да жеңілдейді, деп хабарлайды 24KZ.
Бекзат Аманов, тілші:
- Теңгенің сыңғырын ұмытқалы қашан. Қалың қараша жаппай онлайн төлемге көшкені сол еді, енді көп ұзамай цифрлық теңгемен есеп айырысуымыз мүмкін. Кей маман мұны «боялған қаражат» деп те атайды. Бұл жоба әзірге сыналып жатыр. Цифрлық теңгеге бірегей код беруге болады. Сол арқылы ақшаның қайдан шығып, кімдердің қолынан өткені және қандай мақсатқа жұмсалғаны қадағаланады. Кейін таңба алынып тасталады. Негізгі мақсат – қазына қаржысын қадағалау.
Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банкінің ресми өкілі:
- Мысалы, жол жөндеуге тендері ұтып алып, бюджеттен бөлінген ақшаны алсаңыз, ол ақшаны сіз шетелге шығаруға, оффшорға аудару жіберуге немесе сатып алуға жұмсай алмайсыз. Жаңағы жолды жөндеген мердігер ақшасын алып, ғайып болады деп көбі ойлайд. Иә, мұнда цифрлық теңге мұндайдың алдын алуға зор мүмкіндік береді. Сынақтан өтіп жатыр, сынақтан сәтті өтіп жатыр, тиімділігін дәлелдей білді.
Бүгінгі таңда айналымға 340 млрдтан аса цифрлық теңге шығарылды. Сол арқылы 20 пилоттық жоба жүзеге асырылды, тағы 10-ы қолға алынды. 50-і іске қосуға дайындалуда. Мамандардың айтуынша, бастама сынақты сәтті өтуде, енді аясын кеңейту жоспарланып жатыр.
Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банк ресми өкілі:
- Мысалы, «Достық-Мойынты» теміржолының бір бөлігі цифрлық теңге арқылы қаржыландырылды. Одан бөлек, бірқатар өңірлерде өңірлік жолдарды жөндеу жұмыстары да цифрлық теңге арқылы қаржыландырылды. Бұл пилоттық жобаның тиімділігі ескеріліп, әрі қарай оны дамыту қарастырылып отыр. Мысалы, диқандарға бөлінетін субсидиялар тыңайтқыш сатып алуға, басқа да бір қажеттіліктердің сатып алуға бөлінетін мемлекеттік субсидиялар цифрлық теңгемен бөлінді.
Биліктің бұл амалға баруы бекер емес. Сыбайлас жемқорлықпен күресті әлі де күшейту керек. Биыл шілде-тамыз айларында 201 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелді. Екі ай ішінде мемлекет қазынасына 3,7 млрд теңге залал келтірілген. Қазір бұл істер бойынша 140 адам күдікті деп танылды. 126 қылмыстық істің тергеуі аяқталып, оның 110-ы сотқа жіберілді.
Бекзат Аманов, тілші:
— Алайда жобаны кеңейтуге кедергі де бар. Ақша бас мердігерден қосалқы мердігерге, одан түпкілікті орындаушыға дейін қайда және қалай жұмсалғаны көрініп тұруы керек. Бірақ іс жүзінде қосалқы мердігердің барлығы бірдей смарт-келісімшарт жасауға дайын емес. Қазір бұл мәселені шешумен Қаржы министрлігі айналысып жатыр.