2027 жылы республикалық бюджет кірістері 19,9 трлн теңге болады

Фото: depositphotos.com

2027–2029 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды. Бұл туралы Құрылтай отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Болжамға сәйкес, 2027 жылы республикалық бюджет кірістері 19,9 трлн теңге болады. Бұл – жалпы ішкі өнімнің 10 пайызы. Ағымдағы жылғы бағалаумен салыстырғанда кірістер 2,8 трлн теңгеге өседі.

 Кірістердің негізгі ұлғаюы экономиканың өсуі есебінен 1,6 трлн теңге, қосылған құн салығын қайтару сомаларының төмендеуі есебінен 1,1 трлн теңге және басқа факторлар есебінен 0,5 трлн теңге болады деп болжанған. Сонымен қатар кірістердің 0,5 трлн теңгеге төмендеуі күтіледі.

 Салықтық түсімдердің құрылымында ең үлкен үлесті қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы алатын болады, – деді Азамат Әмрин.

Салықтық емес түсімдер 377 млрд теңге, арнаулы түсімдер 18 млрд теңге көлемінде айқындалған.

 Ұлттық қордан 5 трлн теңге нысаналы трансферт көзделді

Кепілдендірілген трансферт көлемі 2027–2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге мөлшерінде белгіленді.

Мемлекет басшысы «үлкен құрылыс» бағытын айқындап, әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салу жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыру міндетін қойған. Осыған байланысты аса маңызды объектілер мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан нысаналы трансферт қарастырылған. 2027 жылы оның көлемі 2 трлн теңге, 2028–2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге болады. Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028–2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт көзделді, – деді вице-министр.

Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд АҚШ доллары деңгейінде болжанып, 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін ұлғаяды деп күтілуде.

 Бюджет тапшылығы 2029 жылы 0,4 пайызға дейін төмендейді

 Республикалық бюджет тапшылығы 2027 жылы ЖІӨ-нің 2,3 пайызы деңгейінде айқындалған. 2028 жылы бұл көрсеткіш 1 пайызға, 2029 жылы 0,4 пайызға дейін кезең-кезеңімен төмендейді.

Мұнайға қатысты емес тапшылық 2027 жылғы 5,3 пайыздан 2028 жылы 3,5 пайызға және 2029 жылы 2,5 пайызға дейін қысқарады.

Республикалық бюджеттің шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңге, 2028 жылы 29,4 трлн теңге, 2029 жылы 29,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

 2027–2029 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 109,2–109,4 пайыз деңгейінде тұрақтандырылды, – деді вице-министр.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: