Қазақстанда ресми жұмыспен қамтылғандар саны 7,3 млн-ға жуықтады
Қазақстанда жұмыс күшінің саны 9 млн 838,1 мың адамға жетіп, бір жыл ішінде 103 мыңнан астам адамға көбейді, деп хабарлайды 24KZ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жұмыспен қамтылғандар саны 9 млн 392 мың адамға дейін өсті. Бұл еңбек нарығының кеңейіп, жаңа жұмыс орындарының құрылып жатқанын көрсетеді.
Еңбек нарығының тұрақтылығына әсер етіп отырған маңызды фактордың бірі – ресми жұмыспен қамтылғандар санының артуы. Бір жыл ішінде жалдамалы жұмысшылар саны 150 мыңға жуық өсіп, 7 млн 290,4 мың адамға жетті.
Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен тұрақсыз еңбек түрлеріне тартылған азаматтардың саны азайып келеді. Бұл халықтың біртіндеп әлеуметтік кепілдіктердің толық пакеті қарастырылған экономиканың ресми секторына ауысып жатқанын көрсетеді.
Жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік шаралар да оң нәтижесін беріп отыр. 1 тамыздағы жағдай бойынша мемлекет пен жұмыс берушілердің қолдауымен 388 512 адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 298 904 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Тұрақты жұмыспен қамтудың артуы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы уақытша жұмысқа орналастыру емес, сапалы әрі тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталғанын көрсетеді.
Бұл ретте Электрондық еңбек биржасын дамыту, кәсіби оқыту бағдарламалары, субсидияланатын жұмыс орындары, сондай-ақ жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту маңызды рөл атқарады. Аталған тетіктер еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты жылдам сәйкестендіріп, азаматтардың ресми жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, алдағы уақытта еңбек нарығының тұрақтылығын сақтау, жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін дамыту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және еңбек өнімділігін өсіруге жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Сала мамандарының айтуынша, жұмыссыздық деңгейінің тұрақты түрде төмен болуы және ресми жұмыспен қамтудың артуы еңбек нарығының нығайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде халық табысының өсуіне және ел экономикасының тұрақты дамуына негіз болады.