Қазақстанда егін жинау қарқыны өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары

Фото: primeminister.kz

Қазақстанда егін жинау науқаны былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе жылдам жүріп жатыр. Қазіргі көрсеткіштер де өнімділіктің артқанын көрсетеді, деп хабарлайды 24KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет егін жинау науқанын тұрақты өткізу үшін шаралар қабылдап жатыр.

Соңғы жылдардағы негізгі құралдардың бірі — агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілін өзгерту, яғни жекелеген іс-шараларды қаржыландырудан бүкіл өндірістік циклді кешенді қамтамасыз етуге көшу болды.

Алдын ала қаржыландыру, жеңілдетілген ресурстарға қол жеткізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, тыңайтқыштар мен сапалы тұқымдарды қолдану көлемін арттыру, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды енгізу аграршыларға маусымға уақытылы дайындалуға және егін жинау жұмыстарының жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Үкіметте атап өткендей, қабылданып жатқан шаралар агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыруға және саланың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Үкіметтің мәліметінше, егін жинау қарқыны былтырғыдан екі есе жоғары, ал орташа өнімділік гектарына 14,6 центнерді құрайды. Жаппай егін жинау науқаны еліміздің барлық негізгі аграрлық өңірлерінде 2026 жылғы 15 тамызда басталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 2,6 млн гектар дәнді дақыл жиналды. Салыстыру үшін, өткен жылдың осы кезеңінде 1,3 млн гектар жиналған болатын.

17 тамыздағы жағдай бойынша орташа өнімділік гектарына 14,6 центнерді құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі түрлері бойынша оң динамика байқалады. Әртараптандыру аясында бидайдың егіс алқаптары 875 мың гектарға қысқартылды. Соған қарамастан, жалпы өнім көлемі өсіп келеді. Басқа негізгі дақылдар бойынша бүгінгі таңда 1,6 млн тонна бақша дақылдары, 1,1 млн тонна көкөніс және 513 мың тонна картоп жиналды.